BANNER

ТКШ жаңғырту: Қарағандыда заманауи технологиялар бойынша кәріз желілері жаңартылып жатыр

Gov.kz

Қарағандыда кәріз желілері ауқымды қайта жөндеуден өтуде – «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы бойынша 31 жоба жүзеге асырылуда. Бұл ретте жаңа технологияға – қирату әдісіне баса назар аударылды. 

Бұл тез және көшелерді қазбай жүзеге асырылатын әдіс. Биыл бекітілген инвестициялық бағдарлама бойынша 18 шақырымға жуық кәріз желісі жөндеуден өтті. 

Әбден тозған құбырлар ауыстырылуда.

Технологияның мәні – ескі құбыр ішінен алмас пышағы бар арнайы гидравликалық құрылғының көмегімен бұзылады. 

Одан кейін 50 сантиметрлік модульдерден жиналған жаңа полипропилен құбыры тартылады. Бұл әдіс өткен жылы қолданыла бастады және ол өзінің тиімділігін көрсетті.

– Біз ескі құбырларды жөндеп қана қоймай, 50-ші жылдары салынған кварталдарды жүйелі түрде жаңартып отырамыз. Бұл ретте жаңа құбырларды жерді қазбай-ақ тартуға мүмкіндік беретін траншеясыз технологияны қолданамыз. Жұмыстар екі құдықтың арасында жүргізіледі, ал тротуарлар мен асфальтқа еш зақым келтірілмейді, – деп түсіндірді «Қарағанды Су» ЖШС күрделі құрылыс және жобалау қызметінің бастығы Қайрат Жұмабеков.

Компанияның бас директоры Ербол Төлеуовтың айтуынша, бұл әдіс қайта құру процесін жеделдетіп қана қоймай, тұрғындар үшін қолайсыздықты барынша азайтуға мүмкіндік береді.

– Биыл су бұруға баса назар аударылды: кәріз бойынша – 31 жоба, сумен жабдықтау бойынша – 11. Бұл кәріз желілерінің тозуы су құбырларына қарағанда 83%-ға дейін жоғары болуымен байланысты, – деп атап өтті Ербол Төлеуов.

Кәріз желілері бойынша жоспарланған 18 шақырымның 2,4 шақырымы, сумен жабдықтау бойынша 16,5-тің 5,3 шақырымы орындалды. Жұмыстар жоспарлы түрде жалғасуда.

Сонымен қатар, № 2 сорғы станциясы қайта жөнделуде. Мұнда жиілікті түрлендіргіштерді орнату және таратушы желіні толық ауыстыру арқылы энергия тұтынуды төмендету жоспарланып отыр. Сондай-ақ, № 13 КСЖ-ні қайта жөндеуді бастау жоспарланған.

2026–2030 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламада да су бұруға баса назар аударылатын болады, өйткені дәл осы бөлікте инфрақұрылым айтарлықтай жаңартуды талап етеді.