Бұқар жырау ауданының жастары Семізбұғы көлінің жағалау аумағын тазалап, экологиялық мәдениеттің үлгісін көрсетті. Тазалық жұмыстары «Taзa Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. Шараға жүзге жуық адам – жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары, еріктілер мен «Жасыл ел» жасақтарының сарбаздары қатысты.
– Біріншіден, мұндай акциялардың мақсаты – жағалауларды қоқыстан тазарту. Екіншіден, біз үшін жастардың ауданның қоғамдық өміріне белсене араласуы, оның тарихын білуі және туған өлкесін бағалауы маңызды. Мысалы, Семізбұғы маңында өткен ғасырдың 30-жылдары қорғаныс өнеркәсібінде қолданылған корунд өндірілген, – деді Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын.
– Біз отбасымызбен бұл көлге жыл сайын келеміз. Мұнда туған-туыстарымыз тұрады, әкем Семізбұғы тумасы. Ауа райына қарамастан суға шомыламыз, өйткені бұл жердің суы шипалы. Өкінішке қарай, кейбір демалушылар артынан қоқыс тастап кетеді. Сондықтан осындай шаралардың ұйымдастырылғаны қуантады. Жастар табиғатқа қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп жатыр, – дейді Теміртаудан келген демалушы Елена Салькова.
«Жасыл ел» қозғалысының 19 жастағы сарбазы Нұрасыл Жұмажан бұл экологиялық акцияға алғаш рет қатысып отыр.
– Бұл жай ғана тазалық емес – бұл достық пен бірліктің көрінісі. Мен мұнда жаңа достар таптым. Ең бастысы – айналамыз таза болсын, – дейді Нұрасыл.
Шараны ұйымдастырған – аудандық әкімдіктің қолдауымен жұмыс істейтін Жастар ресурстық орталығы.
Орталық маманы Аян Құдайбергеновтің айтуынша, Семізбұғы көлінің жағасында тазалық жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Алайда биылғы акция челлендж форматына ұласып отыр.
– Біз бұл эстафетаны ауданның өзге елді мекендеріне жолдағымыз келеді. Өйткені бізде демалуға болатын әсем жерлер көп. Мысалы, Центральное ауылында каньон бар – ол жерді де тазарту қажет. Нұра өзені бойында да осындай акция өткізу жоспарланып отыр. Басты мақсат – әр демалыс орнында адамдар тазалық жайлы ұмытпайтын жағдай жасау, – деді ол.
Айта кетейік, Семізбұғы көлі өзінің шипалы қасиеттерімен танымал. Бұл өңірдің тұрғындары мен туристер жиі баратын демалыс орнына айналған.
Бұқар жырау ауданы әкімдігінің ақпараты бойынша