BANNER

Шет ауданының Мойынты кентінде жаңа жабық футбол стадионы ашылды

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Шет ауданының Мойынты кентінде әлеуметтік әріптестік аясында жаңа жабық футбол стадионы салынды. Бұл – заманауи спорт нысанын көптен бері күткен ауыл жастарына арналған тамаша сый әрі бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беретін жоба.

Ашылу салтанатына ауылдың ересектері мен балалары түгел жиналды. Кең әрі жарық стадионның жалпы аумағы 800 шаршы метрді құрайды.

– Бұл нысан Bapy Mining компаниясының қолдауымен салынды. Бұл – әлеуметтік әріптестіктің нақты нәтижесі. Ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік деп білемін. Дәл осы алаңда болашақ чемпиондар тәрбиеленіп шығатынына сенемін, – деді ауыл тұрғындарын құттықтай келе Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров.

Ол сондай-ақ компанияға ел дамуына қосқан әлеуметтік үлесі үшін алғыс айтты.

Жаңа спорт кешені енді ауыл жастарының сүйікті орнына айналмақ. Мұнда жаттығу жасауға да, түрлі жарыстар өткізуге де барлық жағдай жасалған. Ашылу салтанатынан кейін-ақ жаңа алаңда ауыл командаларының алғашқы турнирі өтті.