2025 жылғы 16 мамырда Саран қаласындағы Достық үйінің акт залында «Бизнес және цифрлық қауіпсіздік» тақырыбында форум өтті. Іс-шара Қарағанды облысы Білім басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды. Форумға білім беру саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен ақпараттық қауіпсіздік саласының мамандарынан құралған 250-ден астам адам қатысты.
Форумның негізгі мақсаты — білім беру саласындағы кәсіпкерлерге цифрлық замандағы өзекті сын-қатерлерді талқылауға мүмкіндік беру болды. Шара барысында жеке деректерді қорғау, онлайн білім беру платформаларындағы киберқауіптер және бизнестегі цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи құралдары қарастырылды.
Сарапшылар цифрлық білім беру технологияларын қолданатын ұйымдарда ақпараттық қауіпсіздік жүйесін тиімді құруға қатысты практикалық кеңестермен бөлісті. Қатысушылар бизнес пен білім беру ұйымдарының өзара ынтымақтастығы қауіпсіз цифрлық кеңістік қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Форум қорытындысы бойынша цифрлық гигиена саласындағы бірлескен жұмысты күшейту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және ақпараттық қауіпсіздіктің заманауи стандарттарын енгізу бойынша бірқатар ұсыныстар қабылданды.