Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Приозерск қаласының ішкі саясат бөлімімен қала тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кешенді іс-шаралар сериясы ұйымдастырылды.
Жобаның негізгі мақсаты – қоғамда адалдық, әділдік, ашықтық және парасаттылық қағидаттарын насихаттау арқылы сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілікті қалыптастыру және азаматтардың құқықтық санасын нығайту болды.
Іс-шаралар аясында тақырыптық семинарлар, ақпараттық сессиялар, интерактивті дәрістер мен тренингтер өткізілді. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар басқармасы, полиция бөлімі, қалалық әкімдік, мәслихат депутаттары және басқа да мемлекеттік мекеме өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды. Кездесулер барысында жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы іс-қимыл шаралары, мемлекеттік басқару жүйесіндегі ашықтық пен есептілік мәселелері талқыланды.
Жоба шеңберінде өткізілген маңызды шаралардың бірі – балалар арасында ұйымдастырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы сурет байқауы болды. Қатысушылар адалдық пен әділдік туралы өз түсініктерін шығармашылық жолмен жеткізіп, парасаттылық құндылықтарын бейнелеуге тырысты. Бұл арқылы адалдық мәдениетін жас ұрпақтың бойына ерте жастан сіңірудің маңыздылығы көрсетілді.
Сонымен қатар, қаладағы қоғамдық орындарда ағартушылық акциялар өтті. Тұрғындарға сыбайлас жемқорлықтың зияны мен азаматтық белсенді ұстанымның маңыздылығы туралы ақпараттық парақшалар, жадынамалар мен брошюралар таратылды. Волонтерлер қала тұрғындарымен ашық сұхбаттар жүргізіп, құқықтық нормалар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шаралар қорытындысында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға ризашылықтарын білдіріп, сыбайлас жемқорлықтан азат қоғам құру – мемлекет пен азаматтардың бірлескен жауапкершілігі екенін ерекше атап өтті. Бұл бастама алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады.