BANNER

Қаржылық сауаттылық және қарыздан шығу жолы: «Қарызсыз қоғам» ұлттық жобасы кімге және қалай көмектеседі

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысында «Amanat» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қарызсыз қоғам» ұлттық әлеуметтік жобасы белсенді түрде жұмыс істеуде. Оның басты мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, қарыз жүктемесін азайту және жеке қаржыны басқаруда жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Мемлекет басшысы бұл жобаның маңыздылығын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ерекше атап өтті.

Жалпы алғанда, «Қарызсыз қоғам» жобасы өз тиімділігін дәлелдеп, азаматтар тарапынан жоғары сұранысқа ие болып отыр.

Жоба менторлары кімнің көмек ала алатынын, сондай-ақ банкроттық пен қарызды қайта құрылымдау рәсімдерінің ерекшеліктерін түсіндірді.

– Бізге көмекке жүгінетіндер – несиесін 90 күннен астам уақыт өтей алмаған азаматтар. Бұл ретте қарыз сомасының көлемі де, несие алынған қаржы ұйымының түрі де маңызды емес, – дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы, сарапшы Әсел Атабаева.

Кім банкроттық рәсіміне жүгіне алады

Жоба аясында мамандар азаматтарға жеке тұлға ретінде банкроттық рәсіміне өтініш беруге көмектеседі. Бұл шараны 2025 жылы қарыз мөлшері 1600 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 6,3 миллион теңге) асатын тұлғалар қолдана алады.

Алайда жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтар бұл рәсімді пайдалана алмайды.

Банкроттыққа қойылатын негізгі шарттар мыналар:

- өтініш берушінің тұрақты табысы мен сатуға болатын мүлкі болмауы керек (оның ішінде ортақ меншіктегі үлес те есептеледі);

- несие бойынша төлемдер соңғы 12 ай ішінде мүлде жүргізілмеуі қажет.

Сонымен қатар, егер азамат соңғы жеті жылда банкроттықтан өткен болса немесе соңғы бес жыл ішінде қарызы қайта құрылымдалған болса, оған өтініш беру құқығы берілмейді.

Өтінішті eGov.kz порталы арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) рәсімдеуге болады. Процедура тегін.

Банкрот деп танылғаннан кейін азаматтың қарыздары толықтай есептен шығарылады. Алайда бұл шешімнің белгілі бір салдары бар:

бес жыл бойы жаңа несие алуға тыйым салынады;

үш жыл ішінде мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде қаржы саласында жұмыс істеуге болмайды;

банкроттық туралы ақпарат азаматтың қаржылық беделіне әсер етеді.

Қарызды қайта құрылымдау мүмкіндігі

Егер азамат қаржылық қиындыққа тап болса, ол өз банкіне, микроқаржы ұйымына немесе коллекторлық агенттікке несие шарттарын өзгерту туралы өтініш бере алады. Өтінішке қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттар қоса тапсырылады. Бұл – жұмыссыздық немесе жұмыстан босату туралы анықтама, ақысыз демалысқа шығу жөніндегі бұйрық, сырқат немесе туысының қайтыс болуы туралы куәлік, сот шешімдері және басқа да дәлелдемелер болуы мүмкін.

Қаржы ұйымы өтінішті 15 күнтізбелік күннің ішінде қарауға міндетті. Егер жауап азаматты қанағаттандырмаса, ол тегін түрде омбудсменге жүгіне алады:

банктік несиелер бойынша – bank-ombudsman.kz сайты арқылы; микронесиелер бойынша – mfombudsman.kz сайты арқылы.

Өтінішке келесі құжаттар қоса тіркелуі тиіс: несие шарты мен төлем кестесі, банкке немесе микроқаржы ұйымына жолданған өтініштің дәлелі мен ресми жауабы, сондай-ақ қаржылық қиындықты растайтын құжаттар.

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында тегін кеңес пен көмек алу үшін келесі байланыс нөмірлері бойынша хабарласуға болады: 8-700-855-85-85, 8-708-808-01-54; WhatsApp: 8-700-023-01-44.