12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Қарағанды қаласында жастарға арналған мазмұнды мәдени-көпшілік іс-шаралар өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтары мерекені бірге атап өту үшін Орталық мәдениет және демалыс саябағына шақырылады.
Бағдарлама сағат 14:00-де тимбилдингтен басталады. Қатысушылар бір-бірімен жақынырақ танысып, топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытатын белсенді командалық ойындарға қатысады. Жиналу орны – саябақтың бас сахнасы жанында.
Сағат 16:00-де шығармашыл жастардың қатысуымен дарындылар байқауы өтеді. Қаланың жас өнерпаздары ән, би, поэзия және өзге де өнер түрлерінен өнер көрсетеді. Сонымен қатар, бұл уақытта жұмыс іздеушілер үшін бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Кешкі бағдарлама сағат 20:00-де Open Air форматындағы жастар дискотекасымен жалғасады. Ашық аспан астында өтетін кеште диджей @nurekee.nice музыкалық сүйемелдеу жасаса, кештің жүргізушісі – @samarbayev_show.
Айта кетейік, Халықаралық жастар күні жыл сайын 12 тамызда атап өтіледі және жастардың қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған маңызды мереке болып саналады.