BANNER

Ғаламторды бақылау барысында экстремистік мазмұндағы 10 852 материал анықталған

Сурет: Canva

2025 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 40 мыңнан астам түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оларға еліміздің барлық өңірлерінен 1,5 миллионнан астам адам қатысқан. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

— Басты назар діни экстремизмнің алдын алуға және оған қарсы іс-қимылды онлайн жүргізуге аударылды. Алты ай ішінде 17 мыңнан астам ақпараттық материал әзірленіп, оның 2 482-сі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды, ал әлеуметтік желілерде 60 мыңнан астам жарияланым орналастырылды. Ақпараттық жұмыс зайырлы құндылықтарды насихаттауға, конфессияаралық келісімді нығайтуға және экстремистік идеологияға қарсы тұра алатын тұрақты иммунитет қалыптастыруға бағытталған, — делінген хабарламада.

Интернет желісін бақылау нәтижесінде экстремистік мазмұндағы 10 852 материал анықталды, олардың 3 126-сы жойылды. Дінтану сараптамасы 2 мыңнан астам материалды зерделеді. Оның шамамен 70%-ының қорытындысы оң болды, ал 20%-ында діни мазмұн белгілері анықталған жоқ.

Жұмыстың маңызды бөлігі — діни қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру. 2025 жылдың қаңтарынан бастап «ескерту» институты енгізілді және ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы бойынша айыппұл мөлшері 50% төмендетілді. Сондай-ақ, діни әдебиетті тарату орындарын келісу тәртібі жеңілдетілді.

Бұдан бөлек, сенім бостандығы мен діни наным-сенімді бағалау бойынша Ұлттық индикаторлар бекітілді. Олар конфессияаралық қатынастардың, мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара байланысын, сондай-ақ интернеттегі діни белсенділік көрсеткішін анықтайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін министр Аида Балаева діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 14 мыңнан астам материал жойылғанын хабарлаған болатын.