BANNER

Бизнес пен мемлекет ауылды бірге көтеріп жатыр: Нұра ауданындағы жаңа жобалар

Gov.kz

Қарағанды облысының Нұра ауданында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылуда. Басым бағыттардың қатарында — ауылдарды орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету және ішкі жолдарды жөндеу бар. Бұл міндеттер мемлекет қолдауымен қатар, жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарының әлеуметтік жауапкершілігі арқылы да шешілуде.

Бүгінде 22 148 тұрғыны бар ауданның 37 ауылдық елді мекенінің 98,6 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жетуі тиіс. Қазіргі уақытта Кұланөтпес, Жараспай, Қантай және басқа ауылдарда су жүйелерін жаңғырту кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов бұл жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

– Біздің басты міндетіміз – әрбір ауылды сапалы және таза ауызсумен толық қамтамасыз ету. Кұланөтпес, Жараспай, Қантай ауылдарында су құбырларын тарту және жаңарту жұмыстары жалғасуда. Әр жоба уақытылы әрі сапалы орындалуы керек. Бұл – тұрғындардың әл-ауқаты мен болашағына тікелей әсер ететін фактор, – деді аудан басшысы.

Аудан үшін жол инфрақұрылымы да аса маңызды. Нұра ауданындағы автожолдардың жалпы ұзындығы – 1122 шақырым. Бұған республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы жолдар кіреді. Ал ауылішілік және елді мекенішілік жолдардың ұзындығы – 261,9 шақырым. Өткен жылы нормативке сай жолдардың үлесі 80,1% болса, биыл бұл көрсеткіш 84,1%-ға жетеді деп күтілуде.

Қазір республикалық маңызы бар Астана – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау автожолының құрамына кіретін Көбетей – Нұра жолының 24 шақырымдық бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары басталды. Екінші қабат асфальтбетон төсеу жұмыстары жүргізілуде.

«Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында өткен жылы Изенді және Ақмешіт ауылдарында ұзындығы 10,4 шақырым болатын жолдарға орташа жөндеу жүргізілді. Биыл осындай жұмыстар Қайнар ауылында жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, Нұра кентінің көшелерін ағымдағы жөндеуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді.

Мемлекет пен бизнестің серіктестігінің жарқын мысалы – Кұланөтпес ауылындағы ішкі жолдарды жөндеу жобасы. Мұндағы жұмыстарды жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз қаражаты есебінен атқаруда. Игі іске «Құлан-Өтпес» ЖШС, «Абдыкеров», «Бахтияр» және «Береке» шаруа қожалықтары атсалысуда. Ауылдағы барлық көшені қамтитын жөндеу жұмыстарының жалпы ұзындығы – 6 шақырым. Жұмыстар осы айдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

– Биыл біздің серіктестік ауылішілік жолдарды жөндеу бастамасын көтеріп, ортақ іске өз үлесін қосты. Жолдың сапасы – тұрғындардың қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауды жеңілдету және жалпы тұрғындарға қолайлы жағдай жасау. Біз өзге шаруашылықтармен бірігіп, жобаны іске асыру үшін бар күшімізді салдық. Барша жұртты туған өлке үшін игі істерге бірігуге шақырамын! – дейді «Құлан-Өтпес» ЖШС басшысы Сайын Ибрагимов.

Мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті бастамаларды үйлестіру арқылы Нұра ауданында өзекті мәселелер тиімді шешімін тауып келеді.