Балқаш қаласында жарықдиодты экрандарда нақты уақыт режимінде қала тазалығы мен абаттандыру жұмыстарының сандық көрсеткіштері мен нақты фактілері көрініс табатын «тазалық көрсеткіштері» орнатылды. Қала аумағында осындай 16 көрсеткіш бар. Қарағанды облысында бұл бастаманы алғашқы болып Балқаш қолға алды.
Экрандарда келесі мәліметтер көрсетіледі:
- шығарылған тұрмыстық қоқыс көлемі;
- орнатылған қоқыс салғыштардың саны;
- экологиялық акцияларға қатысқан тұрғындар саны;
- заңсыз қоқыс орындарының жойылуы мен көлемі үлкен қоқыстардың шығарылуы;
- абаттандырылған аула саны;
- көшелердегі инфрақұрылымдық жұмыстардың орындалуы.
Алдағы уақытта экранның функциялары кеңейтіліп, көгалдандыру, жолдарды жөндеу және басқа да абаттандыру бағыттары бойынша ақпараттар енгізіледі.
Балқаш қаласы әкімдігі хабарлағандай, «тазалық көрсеткіші» күнделікті жаңартылып, «Жасыл ел» жастар жасағы, коммуналдық және мердігер ұйымдардың атқарған нақты жұмыс көлемін айқын бейнелейді. Бұл ашық статистика қала тұрғындарына тек нәтижені көруге ғана емес, сонымен қатар өзгерістердің динамикасын бақылауға мүмкіндік береді.
– Біз Балқаш тұрғындары қаладағы өзгерістерді сөз жүзінде емес, нақты іспен көргенін қалаймыз. «Тазалық көрсеткіші» — нақты деректерге негізделген формат. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылған барлық жұмыстар әрбір азаматқа көрініп тұруы қажет, – деді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.
Бұл бастама республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асып, қаланың тазалығы мен тәртібі, экология мәселелеріне жүйелі түрде көзқарас қалыптастыруға бағытталған. Жобаның басты мақсаты — қала қызметтерінің ашықтығын арттыру, тұрғындарды ортақ іс-шараларға тарту және нақты нәтижелерді күнделікті жариялау.