BANNER

5451 әскери бөлімінде жас сарбаздар Отанға адалдық танытты

ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі

Қарағанды қаласындағы ҚР Ұлттық ұланының 5451 әскери бөлімінде 250-ге жуық жас сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Бұл — олардың ел қорғаны болуға жасаған алғашқы әрі маңызды қадамы.

Жас сарбаздар Туға қарап сап түзеп, Қазақстан халқына және Президентіне адал қызмет етуге ант берді. Бұл рәсім — әрбір жауынгер үшін үлкен жауапкершілік пен мақтаныштың белгісі.

Салтанатты іс-шараға ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Сәкентай Амантайұлы Шекарбеков арнайы қатысып, болашақ сарбаздарға сәттілік тілеп, ел алдындағы борышты адал атқарудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ол әскери қызметтің тек міндет емес, үлкен абырой екенін атап өтті.

Шараға сондай-ақ әскери бөлім басшылығы, офицерлер құрамы, ардагерлер кеңесінің мүшелері және сарбаздардың ата-аналары қатысты. Қонақтар жас сарбаздардың дайындығы мен тәртібіне жоғары баға беріп, ұлдарының әскери қызметке лайық екендігін мақтанышпен атап өтті.

Сарбаздар ант қабылдағаннан кейін саптық шеру жасап, алғашқы әскери машықтарын көрсетті. Бұл — олардың қысқа уақыт ішінде алған білім мен тәртіпке бейімделуінің айқын көрінісі.

Мерекелік рәсім жас сарбаздардың арнайы қойылымдарымен әрленіп, салтанатқа ерекше рух берді. Жас сарбаздар мен олардың жақындары үшін бұл күн — ұзаққа есте қалатын тарихи сәт болды.