BANNER

ЭЦҚ беру толықтай онлайн форматқа көшеді

Gov.kz

Қазақстанда 11 тамыздан бастап электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу тәртібі жеңілдетіледі. Қызмет көрсету процесі енді толықтай онлайн форматта жүзеге асырылады. ЭЦҚ-ны үйден шықпай-ақ немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында рәсімдеуге болады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, бұл жаңашылдық азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігін күшейтуге және олардың цифрлық жеке бас мәліметтерінің қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Енді ешбір үшінші тұлға өзге адамның ЭЦҚ-сын иемдене алмайды.

Министрлік онлайн ЭЦҚ алу рәсімін кезең-кезеңімен түсіндірді:

- egov.kz немесе pki.gov.kz порталдарына кіріңіз;

- онлайн өтінім толтырыңыз;

- бейнекамера арқылы биометриялық сәйкестендіруден өтіңіз — жүйе сіздің бет-бейнеңізді таниды.

Жеке басы сәтті расталған жағдайда ЭЦҚ кілті бірден онлайн түрде беріледі, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерінің қатысуынсыз.

Министрлік түсіндіргендей, егер жүйе сіздің жеке басыңызды сәйкестендіре алмаса — мысалы, фотосурет базада жоқ болса немесе техникалық ақау орын алса — пайдаланушыға қайтадан әрекет етуге мүмкіндік беріледі. Биометриялық тексеруден бес ретке дейін өтуге рұқсат етіледі. Осы әрекеттер нәтижесіз болса ғана азамат ХҚКО-ға барып, қажетті құжаттар топтамасымен оператор арқылы жеке басын растауға өтініш бере алады.

Биометриялық сәйкестендіруден өтпеген жағдайда, ХҚКО операторы арқылы өтінім беру мүмкін емес екені қатаң ескертіледі.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділігі жоқ азаматтар үшін ХҚКО-ның өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында биометриядан өту мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жағдайда да, егер сәйкестендіру сәтті өтсе, ЭЦҚ онлайн түрде рәсімделіп, оператордың қатысуы талап етілмейді.

Цифрлық даму министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда шамамен 15 миллион ЭЦҚ кілті берілген. Оның ішінде 92,25 пайызы — қашықтан сәйкестендіру арқылы, ал 7,75 пайызы — ХҚКО арқылы рәсімделген.

Айта кетейік, биылдан бастап Қазақстанда өзге адамның ЭЦҚ-сын қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл — ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 640-бабында нақты көрсетілген.