Қарағанды облысы — технологиялық стартаптар картасында өз орнын ала бастаған өңірлердің бірі. Мұнда IT-жобаларды дамытуға қолайлы орта қалыптасып келеді. Соның жарқын мысалы — қарағандылық компанияның инвестор тартып, бизнесін жаңа деңгейге көтеруі. Бұл бастама аймақ экономикасына қосымша салық түсімдерін әкеліп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.
Тамақ жеткізу сервисі Қарағандыда осыдан он жыл бұрын құрылған. Оның негізін қалаған – жас кәсіпкер Роман Мальченко. Техникалық университеттің түлегі табысты IT-стартап құрып, оны тек қала ішінде ғана емес, басқа өңірлерге де тарата алды. Жақында сервиске қазақстандық мобильді ойындар мен IT-шешімдер студиясы серіктес болды. Ірі мәміленің арқасында компания алдында жаңа мүмкіндіктер ашылды. Инвестицияның көмегімен қызмет ауқымы бүкіл ел бойынша кеңейтіліп, келешекте халықаралық нарыққа шығу жоспарда бар.
– Қазір біз еліміздің 15 қаласында жұмыс істеп жатырмыз. Grand Games компаниясы біздің жобамыздың 75 пайыз үлесін сатып алды. Бұл инвестициялар команда құрамын ұлғайтуға, сервисті жетілдіруге және маркетинг бағытын күшейтуге мүмкіндік береді. Нарықтағы позициямызды бекемдесек, халықаралық сервистермен де бәсекелесе аламыз. Біз отандық сапалы әрі заманауи өнім ұсынып, елімізге үлес қосуды көздейміз. Бұған дейін командада 20-дан астам маман жұмыс істеді. Қазір жаңа қызметкерлер – әзірлеушілер мен менеджерлерді қабылдай бастадық, – дейді EMENU негізін қалаушы Роман Мальченко. – Халықаралық нарыққа шығу жоспарда бар. Бұл дегеніміз – шетелдік инвестициялар Қазақстанға тартылады, ал біз өз кезегінде мемлекеттік бюджетке табыс түсіреміз.
Кәсіпкер «Террикон алқабының» маңызын ерекше атап өтті. Дәл осы алаңда болашақ инвестормен кездесу өтіп, кәсіби таныстық (нетворкинг) қалыптасқан. Сондай-ақ Big Sky Capital венчурлік қоры кеңес беріп, компанияны бағалауға және процестерді жетілдіруге көмектескен.
– Қорықпаңыздар! Бастап көріңіздер! Бір ойды миыңызда ұстап жүру жеткіліксіз – ол өздігінен іске аспайды. Тек әрекет ету, қателесіп, қайта көру арқылы ғана нәтижеге қол жеткізуге болады. Басқа елдердің тәжірибесін зерттеңіздер – пайдалы үлгілерді алуға болады, – деп кеңес берді стартап иесі Роман Мальченко.