BANNER

Қарағанды облысында ірі сүт-тауар фермасының құрылысы басталды

Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан

Қарағанды облысында Осакаров ауданының Родников ауылдық округінде Eurasia Invest компаниясы салып жатқан 6000 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасы пайда болады. 

СТФ-ның қуаты – жылына 70 мың тонна сүт. Оның іске қосылуы 180 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етеді.

Жобаның жүзеге асырылу барысымен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Осакаров ауданына жұмыс сапары барысында танысты.

«Евразия Инвест LTD» ЖШС құрылтайшысы Иван Георгиади жобаның кезең-кезеңімен іске асырылатынын, бірінші кезек биыл іске қосылатынын айтты.

Голштин-фриз тұқымды сиырлардың бірінші партиясы сатып алынды.

– Жем-шөп базасы меншікті болады. Биылғы маусымда мың гектарға жуық жүгері мен жоңышқа егілді, – дейді Иван Георгиади. – Ауыл шаруашылығында біз үшінші жыл жұмыс істеп келеміз. Бірінші жылы танысу болды. Техника сатып алдық, бізде жабдықтарымыз ең заманауи. Екінші жылы суарумен айналыса бастадық – біз Мемлекет басшысының Жолдауын қолдап, нәтижесін көріп отырмыз. 2024 жыл озық жыл болды, себебі өзіміз үшін ірі жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Жеңілдікті несиелендіруге өтініммен шықтық. Бізді қолдады. Ел мен облыс басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді.

Кәсіпорын суармалы жерлерінің аумағын 10 мың гектарға дейін ұлғайтады. Жоба бойынша 120 жаңбырлатып суаратын машина орнатылады. Бұл өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, 12 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасы салынбақ.

– Бұл өте қажетті және маңызды жоба, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. – Жақында Нұра ауданында 1200 басқа арналған сүт-тауар фермасын аштық. Жаңа бастамаларды ескере отырып, біз сүт зауыттарының отандық шикізатқа деген қажеттілігін толығымен жабамыз. Импорттық тәуелділікті төмендетеміз. Бұл Президенттің бізге қойған басты міндеті – импорттан бас тартып, өз өндірісімізді дамыту.