31 мамыр – Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі - жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық.
Қуғын-сүргін жылдары ішінде Қазақстан аумағында құрылған лагерьлерге 5 млн астам адам жіберілді.
Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барып, гүл шоғын қойды.
Мемлекет басшысы боздақтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысы тоталитаризм құрбандарын еске алып, жазықсыз қамалған әйелдер жайлы айтты.
«Қазақстан аумағында ГУЛАГ жүйесінің 11 лагері орналасты. «АЛЖИР» де – дәл сондай қасіретті жердің бірі. Мұнда жазықсыз жала жабылған 8 мыңға жуық әйел қамауда отырып шыққан. Олардың арасында Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сынды әйгілі тұлғалардың жұбайлары бар. АЛЖИР азабын көрген жандардың ұрпақтары қазір ортамызда отыр», - деді Мемлекет басшысы.