Елімізде ауқымды әрі тарихи маңызы зор саяси реформалардың бірі жүзеге асуда. Өміршең өзгеріс халықтың мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғыртып, билік институттарының құрылымы мен өкілеттіктеріне тың серпін берері аян. Нақты нәтижесінде бұрынғы қос палаталы Парламент орнына заң шығарушы биліктің жаңа әрі заманауи үлгісі – Құрылтай құрылып, елдің саяси жүйесінде бөлек кезең бастау алды.
Құрылтай заңдарды қабылдап, республикалық бюджетті бекітеді, Үкімет қызметіне парламенттік бақылау жүргізеді, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын айқындайтын және миллиондаған азаматтың өміріне ықпал ететін маңызды шешімдерді де қабылдайды. Биыл 23 тамызда қазақстандықтар тұңғыш рет Құрылтай депутаттарын сайлап, елдің жаңа саяси жүйесін қалыптастыруға тікелей қатысады. Қазақстан Республикасы мұндай ауқымды конституциялық реформаға қалай келді? Қандай өзгерістер жүзеге асырылды? Сайлаушыларды алда не күтіп тұр? Жауап іздеп көрелік.
Биыл 1 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ, сол күні Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне еніп, мемлекеттік билік жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған конституциялық реформаның негізгі ережелері қолданысқа енгізілді. Осы сәттен бастап, Орталық сайлау комиссиясы алғаш рет өтетін Құрылтай сайлауын ұйымдастыру және өткізу бойынша ауқымды дайындық жұмыстарын бастады. Ал, 23 тамызда қазақстандықтар ел тарихындағы жаңа саяси кезеңнің куәсі болып, Құрылтай депутаттарын сайлау арқылы заң шығарушы биліктің жаңартылған құрамын айқындайды.
Құрылтай бес жылдық өкілеттік мерзімге сайланатын 145 депутаттан құралады. Депутаттарды сайлау толықтай партиялық тізімдер бойынша жүзеге асырылады. Биылғы саяси науқанға Қазақстан Республикасында ресми тіркелген жеті саяси партияның барлығы қатысып отыр. Орталық сайлау комиссиясы барлық саяси бірлестіктер ұсынған кандидаттар тізімдерін тіркеу рәсімін аяқтап, сайлауалды үдерісі заңнама талаптарына сәйкес келесі кезеңге өтті. Құрылтайдағы депутаттық мандаттарды бөлу пропорционалды сайлау жүйесі негізінде жүргізіледі. Заңға сәйкес, заң шығарушы органнан орын алу үшін саяси партиялар сайлаушылардың кемінде бес пайыз дауысын жинауы қажет. Осы межеден өткен партияларға берілген мандаттар олардың алған дауыс үлесіне қарай бөлінеді. Яғни, сайлаушылар қолдауы неғұрлым жоғары болған сайын, партияның Құрылтайдағы өкілдігі де соғұрлым кеңейеді.
Жаңартылған сайлау заңнамасы саяси өкілдіктің инклюзивтілігін күшейтуге де басымдық береді. Осыған сәйкес, әрбір партияның кандидаттар тізіміндегі үміткерлердің кемінде 30 пайызы әйелдерден, жастардан және мүгедектігі бар азаматтардан тұруға тиіс. Құрылтай депутаттығына үміткерлерге бірқатар конституциялық және заңнамалық талаптар қойылады. Ең алдымен, кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуы, соңғы он жыл бойы ел аумағында тұрақты тұруы және сайлау күніне қарай кемінде 25 жасқа толуы тиіс. Сонымен қатар, заңнама депутаттыққа кандидаттарды тіркеуге қатысты нақты шектеулерді де белгілейді. Атап айтқанда, өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар азаматтар, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдар, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен құқық бұзушылықтары бойынша кінәсі заңды күшіне енген сот шешімімен дәлелденген тұлғалар Құрылтай депутаттығына үміткер бола алмайды.
23 шілдеде елімізде Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына арналған ресми сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталды. Бір айға созылатын бұл науқан барысында саяси партиялар сайлаушылармен кездесулер өткізіп, өздерінің сайлауалды бағдарламалары мен басым бағыттарын таныстырады, қоғамдық пікірталастарға қатысып, азаматтардың қолдауына ие болуға күш салады. Осы кезеңде сайлаушылар партиялардың ұстанымдарымен танысып, елдің алдағы даму бағытына қатысты ұсыныстарын салыстыруға мүмкіндік алады.
Сайлау алдындағы маңызды кезеңдердің бірі – сайлаушылар тізімін нақтылау. Осыған байланысты, 7 тамыздан бастап әрбір азамат өзінің тіркелген мекенжайы бойынша қай сайлау учаскесіне бекітілгенін және сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алады. Егер азамат өзінің аты-жөнін сайлаушылар тізімінен таппаса немесе деректерінде қателік анықталса, ол дауыс беру күніне дейін учаскелік сайлау комиссиясына жүгініп, мәліметтерді түзетуге құқылы. Сондай-ақ, сайлау күні тіркелген тұрғылықты жерінен тыс жерде болатын азаматтардың дауыс беру құқығын іске асыру үшін заңнамада есептен шығару куәлігі тетігі қарастырылған. Бұл құжаттың негізінде сайлаушы белгіленген тәртіппен басқа сайлау учаскесінде дауыс бере алады. Осылайша мемлекет әрбір азаматтың конституциялық сайлау құқығын толыққанды жүзеге асыруына қажетті жағдай жасауды көздейді. Құрылтайдың қандай құрамда жасақталатынын енді халықтың өз таңдауы шешеді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
“Ortalyq Qazaqstan”