Құрылтай: тарих тағылымы және жаңа саяси кезең

Фото: Life09

«Кеңесіп пішкен тон келте болмайды». Қазақтың осы бір ұлағатты сөзінде ел басқару мәдениетінің терең мәні жатыр. Ұлы Далада халық тағдырына қатысты маңызды шешімдер бір адамның ғана емес, көптің ой-пікірі ескеріліп қабылданған. Елдің бірлігі, жердің тұтастығы, мемлекет болашағы сияқты іргелі мәселелер кеңес арқылы шешіліп отырған. Осындай қоғамдық келісім мен ортақ жауапкершілікке негізделген дәстүрдің бір көрінісі – Құрылтай институты.
 

Құрылтай – қазақ тарихында кездейсоқ пайда болған ұғым емес. Ол түркі және дала мемлекеттеріндегі елдік мәселелер талқыланатын маңызды саяси кеңес ретінде қалыптасты. Тарихтағы Құрылтайлар мемлекет басқару, ішкі тұрақтылық, ортақ шешім қабылдау сияқты маңызды міндеттерді жүзеге асыруға қызмет етті. Сондықтан, Құрылтайды тарихи атау ретінде ғана емес, халықтың пікірін ескеруге негізделген басқару мәдениетінің жалғасы ретінде қарастыруға болады.
 

Қазақстанның жаңа саяси кезеңі ең алдымен конституциялық өзгерістерден бастау алады. Елімізде жүргізілген ауқымды реформалардың құқықтық негізі – жаңа Конституция. Ата Заңдағы өзгерістер қоғамның алдағы даму бағытын айқындап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталды. Бұл маңызды құжатты халықтың қолдауы елдің болашағына қатысты шешімдердің жалпыұлттық деңгейде қабылданғанын көрсетеді.
 

Конституция – мемлекеттің, әр азаматтың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын басты құқықтық құжат. Ондағы қағидаттар барлық азамат үшін ортақ. Заң үстемдігі мен тәртіптің сақталуы – тұрақты қоғам құрудың негізгі шарттарының бірі. Сондықтан, жаңа кезеңдегі барлық өзгеріс ең алдымен заң талаптарына сәйкес жүзеге асуы тиіс.
 

Осы конституциялық жаңғыру аясында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар тың бастама ұсынылуда. Соның бірі – қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құру туралы ұсыныс. Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган ретінде жұмыс істеуі көзделеді.
 

Жаңа модельдің басты мақсаты – мемлекеттік шешім қабылдау үдерісін тиімді ету, заң шығару сапасын арттыру және қоғамның сұранысына жедел жауап бере алатын жүйе қалыптастыру. Бір палаталы құрылым заң жобаларын қарау мен қабылдау рәсімдерін оңтайландырып, ел дамуы үшін маңызды шешімдерді уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.
 

Құрылтай депутаттарын сайлау халықтың тікелей таңдауына негізделеді. Азаматтар өздері сенім білдіретін кандидаттарға дауыс беріп, елдің болашағына қатысты маңызды шешім қабылдау үдерісіне қатысады. Бұл – әр ел азаматының азаматтық жауапкершілігін арттыратын мүмкіндік. Өйткені, мемлекеттің даму бағыты билік институттарына ғана емес, халықтың саналы таңдауы мен белсенді қатысуына да байланысты.
 

Құрылтай сайлауы заң талаптарына сәйкес, белгіленген тәртіппен, ашық әрі әділ қағидаттар негізінде өткізіледі. Кандидаттардың қатысуы, сайлаушылардың еркін таңдауы, дауыс беру рәсімдерінің сақталуы – құқықтық мемлекеттің басты талаптары. Заң баршаға ортақ болған жағдайда ғана қоғамдағы сенім нығайып, тұрақты даму қамтамасыз етіледі.
 

Ұсынылып отырған жобаға сәйкес, Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олар жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды жүйемен бес жыл мерзімге сайланады. Одан бөлек, депутаттардың өкілеттігі, Құрылтайдың жұмыс тәртібі және заң қабылдау рәсімдері жаңа құқықтық нормалармен айқындалады.
 

Бір палаталы жүйенің ерекшелігі – заң шығару үдерісін ықшамдау мүмкіндігі. Қазіргі таңда заң жобалары бірнеше кезеңнен өтеді. Ал, жаңа модельде бұл рәсімдерді оңтайландыру арқылы экономикалық және әлеуметтік өзгерістерге жедел құқықтық жауап беру мүмкіндігі қарастырылады.
 

Дегенмен, кез келген реформаның басты өлшемі – оның халық өміріне әкелетін нақты нәтижесі. Мемлекеттік институттардың тиімді жұмысы экономиканың дамуына, кәсіпкерліктің өркендеуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, әлеуметтік жобалардың сапалы жүзеге асуына ықпал етуі керек. Себебі, кез келген саяси жаңғырудың түпкі мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру.
 

Қазақстанның алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу, бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыру және халық үшін қолайлы өмір сүру жағдайын жасау. Бұл мақсатқа жету үшін экономикалық өсіммен қатар, тиімді басқару жүйесі, сапалы заңдар және азаматтардың мемлекет ісіне жауапкершілікпен қатысуы қажет.  
 

«Ақылдасқан ел азбайды» деген аталы сөз бүгінде маңызын жоғалтқан жоқ. Мемлекет дамуы әр азаматтың үнінен, саналы таңдауынан және ортақ жауапкершілігінен құралады.
 

Құрылтайдың жаңа үлгісі тарихи дәстүр мен қазіргі заман талаптарын ұштастыруға бағытталған. Оның тиімділігі уақытпен бағаланады. Бірақ, оның басты міндеті айқын – заң үстемдігіне негізделген, халықтың мүддесін ескеретін, елдің тұрақты дамуына қызмет ететін тиімді мемлекеттік жүйе қалыптастыру.
 

Қазақ «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Елдің болашағы бүгінгі таңдаулардан басталады. Сондықтан, Құрылтай сайлауы – мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындауға қатысу мүмкіндігі. Ал, заң мен тәртіпке сүйенген, халықтың сеніміне негізделген басқару жүйесі Қазақстанның жаңа белестерді бағындыруына жол ашады.
 

Алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы – елдің саяси дамуындағы маңызды кезеңнің бірі. Бұл күні әр азамат өз таңдауын жасап, мемлекеттің келешегіне қатысты жауапты шешім қабылдау үдерісіне қатысады. Халықтың дауысы – ел болашағына берілген бағыт. Сондықтан, сайлауға қатысу, ұсынылған үміткерлердің бағдарламасымен танысып, біліміне, тәжірибесіне, ел мүддесіне қызмет ету қабілетіне қарай таңдау жасау – әр азаматтың конституциялық құқығы әрі азаматтық міндеті. Заң талаптары сақталған, ашық әрі әділ өткен сайлау ғана қоғам сенімін нығайтады. Ендеше, болашақтың іргесін бүгін қалаймыз десек, ел тағдырына бейжай қарамай, Құрылтай сайлауына қатысып, саналы таңдау жасайық!
 

Жәлел ШАЛҚАР

“Ortalyq Qazaqstan”