Бүгін, 23 тамызда Құрылтай депутаттарын сайлау кезінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей дауыс беріп, бұл күннің тарихи маңызын атап өтті.
« Қазақстан халқы алғаш рет жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлап жатыр. Бұл еліміздің саяси жүйесіндегі жаңа кезеңнің бастауы. Сондықтан бүгін әрбір қазақстандық елдің болашағына қатысты өз таңдауын жасайтын маңызды күн», – деп жазды Әлібек Әлденей өзінің Instagram-дағы жеке парақшасында.
Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, қазіргі уақытта Қарағанды облысында сайлаушылардың 21,06 пайызы дауыс берген. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада екінші орында тұр.
« Меніңше, мұндай белсенділік біздің өңір үшін заңды құбылыс. Біз еңбекқор өңірміз. Сөзден гөрі нақты іске басымдық береміз. Бүгінде қарағандылықтар еліміздің саяси өміріндегі маңызды үдеріске белсенді қатысып жатыр», – деп атап өтті ол.
Дереккөз: Ortalyq.kz
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ