Қарағандылықтар кітап оқып, 600 мың теңгеге дейін сыйақы ала алады

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына қатысу үшін тіркеу жүріп жатыр. Жобаның алғашқы күндерінің өзінде оған 150 мыңға жуық адам қосылды.

Марафон 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы сәуірге дейін екі тілдік лигада – қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Оған Қарағанды облысының тұрғындары да қатыса алады.

Жоба жеті бағытты қамтиды. Атап айтқанда, 6–10 сынып оқушыларына арналған «Кітап оқитын мектеп», колледж студенттеріне арналған «Кітап оқитын колледж», жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Кітап оқитын университет», мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушыларына арналған «Кітап оқитын педагог», отбасылық командаларға арналған «Кітап оқитын әулет», мемлекеттік қызметшілерге арналған «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және жасына әрі қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық ниет білдірушілерге арналған «Кітап оқитын зиялы» бағыттары бар.

Әр қатысушы өз бағыты бойынша 15 кітап оқуы тиіс. Марафонға арнайы жасақталған кітап қорына барлығы 330 шығарма енгізілген. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде. Тізімге отандық авторлардың шығармалары, әлем әдебиетінің классикалық туындылары және заманауи кітаптар енген.

Кітаптарды іріктеу кезінде жалпыұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әлемдік бестселлерлер мен әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындылар да ескерілген.

Негізгі оқу кезеңі 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар таңдалған шығармаларды оқып, жеке кабинетінде кітаптарға қысқаша пікірлерін жариялап отырады. Келесі жылдың наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.

Марафон аясында ақшалай сыйлықтар да қарастырылған. Бірінші орын иегеріне 600 мың теңге, екінші орын алған қатысушыға 450 мың теңге, ал үшінші орын иегеріне 300 мың теңге беріледі. Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.

Тіркелу тәртібі, қатысу ережелері, бағыттар бойынша регламенттер мен кітаптар тізімі жобаның ресми сайты — reading-nation.kz жарияланған. Тіркеу 15 қыркүйекке дейін жалғасады.