Қазақстанда автооқу орындарын лицензиялау мәселесі бірнеше жыл бойы күн тәртібінен түскен жоқ. Талаптарды күшейту, оқу сағаттарын арттыру және жүргізушілерді даярлау жүйесіне тәртіп енгізу туралы ұсыныстар айтылып келеді. Дегенмен әзірге жүйе бұрынғы қалыпта жұмыс істеуде: мектептер үйретеді, ал болашақ жүргізушілер алған білімінің негізінде жолға шығады.
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, өңірде бүгінгі күні 57 оқу ұйымы жұмыс істейді: оның 22-сі – мемлекеттік, 35-і – жекеменшік. Тек Қарағанды қаласының өзінде – 29 автооқу орны бар.
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап автомектептерді тіркеу және оқу топтарын есепке алу «Автомектеп» деп аталатын жаңа ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі. Бұл жүйе оқу процесін толық бақылауда ұстайды және ең бастысы – теориялық әрі практикалық сабақтардан өтпеген адамға құжат алу мүмкіндігін бермейді. Сондай-ақ жалған анықтамалар мен куәліктердің жасалуына тосқауыл қояды.
Сонымен қатар, автомектептерді лицензиялау жөніндегі пікірталас әлі де жалғасуда. Қарсы тараптың пайымынша, талаптардың күшеюі кейбір оқу орындарының қаржылық жүктемені көтере алмай, жабылуына себеп болуы мүмкін. Ал бұл оқыту құнының қымбаттауына әкеледі. Ірі қалаларда бұл өзгеріс онша байқалмауы мүмкін, ал шағын елді мекендер тұрғындарына облыс орталығына қатынауға тура келеді – бұл да қосымша шығын.
Жүргізуші куәлігін алу тәртібі әзірге өзгерген жоқ: алты айға дейінгі оқу, одан кейін теориялық және практикалық емтихандар. Көптеген түлектер рөлде өздерін сенімді сезіне бастайды, әрі қарай тәжірибені шыңдау ғана қалады. Емтихандар бұрынғыдай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қарағанды облысы бойынша филиалында қабылданады.
Бірқатар маңызды жаңалықтар да күшіне енді. Белгіленген жасқа толған және әскери жүргізуші куәлігі бар әскери қызметшілер енді медициналық анықтама болған жағдайда автомектепте оқымай-ақ азаматтық категорияларға емтихан тапсыра алады. Әскери куәліктерге «ҚР Қарулы күштерінің көлігі үшін» деген арнайы белгі қойылады. Қызмет аяқталғаннан кейін бұл құжат міндетті түрде азаматтық үлгіге ауыстырылады.
Мысалы, жас сарбаздар қорғаныс қажеттілігі үшін «С» санатын 18 жастан ала алады. Ал азаматтық жүргізушілерге бұл санат, әдетте, 21 жастан бастап беріледі. Қызметтен кейін олар емтихан тапсырып, дәл осы санат бойынша толыққанды азаматтық жүргізуші куәлігін алады.
«Әдемі» немесе сұранысы жоғары нөмірлерді беру тәртібі де жаңартылды. Енді иесі мұндай нөмірді басқа өңірге қоныс аударса да сақтауына мүмкіндік бар. Қол жетімді нөмірлер туралы мәлімет ақпараттық жүйелерде жарияланып отырады. Бұрын қолданылған «әдемі» нөмірлерді бөтен адамдарға беруге тыйым салынады, тек жақын туыстарға немесе мұрагерлерге ғана рұқсат етіледі. Нөмірді сақтау үшін қажетті құжаттарды ұсыну және дубликат үшін төлем жасау талап етіледі. Сақтауға тапсырылған нөмірлер 30 күннен артық сақталмайды – мерзімі өткен соң жойылады.
Сонымен бірге елді мекендерде жүк көліктері үшін жаңа жылдамдық шектеуі енгізілді. Жол белгілері рұқсат еткен учаскелерден басқа, бұл талап барлық аумақта қолданылады. Сонымен қатар магнитпен бекітілетін қызғылт сары және сары түсті жарық маячоктарын қолдану тәртібі жеңілдетілді – оларға рұқсат алу енді қажет емес. Мұндай жарық белгілері жол жөндеу жұмыстары кезінде, ауыр жүк тасымалдауда, велосипед колонналарын алып жүру кезінде және мектеп автобустарында қолданылуы мүмкін.
