Қарағанды облысында «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының өңірлік кезеңі өз мәресіне жетіп, үздіктері анықталды.

Биыл өңірдің қалалары мен аудандарынан 100-ден астам отбасы байқаудың іріктеу кезеңіне қатысып, өздерінің өнегелі өмір жолын, берік отбасылық дәстүрлерін, толайым жетістіктері мен қоғамдық бастамаларын көпшілік назарына ұсынды. Солардың арасынан облыстық кезеңге 26 отбасы жолдама алды.

Байқаудың Бас жүлдесі Қарағанды қаласынан қатысқан Кернебаевтар отбасына бұйырды. Олар отбасы мүшелерінің арасындағы берік сыйластық пен өзара қолдауды, ұрпақтар сабақтастығын, белсенді азаматтық ұстанымды және ұлттық әрі отбасылық құндылықтарға деген құрметті өмір салтына айналдырған жанұя ретінде танылды. Енді Кернебаевтар отбасы республикалық кезеңде Қарағанды облысының намысын қорғайды.

Бірінші орынды Нұра ауданынан келген Пішенбаевтар отбасы иеленді.

Екінші орын Осакаров ауданын таныстырған Пята отбасына берілді.

Ал үшінші орын Қарқаралы ауданынан қатысқан Бейсенаевтар отбасына бұйырды.
Байқау қорытындысын шығару барысында қазылар алқасы отбасылық дәстүрлердің сақталуы мен сабақтастығына, ұрпақ тәрбиесіне, қоғамдық белсенділікке, балаларға көрсетілетін тәлім-тәрбиеге, сондай-ақ отбасының ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен дамытуға қосқан үлесіне баса назар аударды.

«Мерейлі отбасы» – жыл сайын өнегелі отбасылардың басын қосып, олардың өмір жолы арқылы сыйластық, мейірім, жауапкершілік пен бірліктің қадірін дәріптейтін тағылымды байқау.

Оның басты мәні – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді кеңінен насихаттап, жақсы тәжірибені ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге жол ашу.
Дереккөз: Gov.kz