Қарағанды облысының аудандарындағы кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат алу, несие мәселелері бойынша кеңес алу немесе қаржыландыру бағдарламасын таңдау үшін облыс орталығына барудың қажеті жоқ. Енді мамандардың өздері қала мен аудандарға барып қызмет көрсетеді.

Осы мақсатта «Даму» қоры жаңа жоба — Мобильді фронт-офисті іске қосты.

Бұл кәсіпкерлерге бірнеше ұйымның мамандары кеңес беретін арнайы жабдықталған шағын автобус.

Мұнда кәсіпкерлер жеңілдетілген несие алу, субсидия рәсімдеу, оқудан өту, тауарларын маркетплейстерге шығару, бизнесті дамытуға арналған қолдау шараларын пайдалану жолдары туралы ақпарат ала алады. Мамандар қолайлы бағдарламаны таңдауға және қажетті құжаттарды рәсімдеу тәртібін түсіндіруге көмектеседі.
— Біздің міндетіміз — бизнесті қолдау шараларын барынша қолжетімді ету. Кәсіпкерлерге облыс орталығына барып, уақытын да, қаражатын да жұмсаудың қажеті жоқ. Біз өзіміз аудандарға барып, бизнесті дамыту үшін бүгінде қандай мүмкіндіктер бар екенін түсіндіріп, қажетті кеңес береміз, — дейді «Даму» қорының Қарағанды облыстық өңірлік филиалының директоры Мұхамед Абдулин.
«Даму» қорымен бірге көшпелі кездесулерге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, Аграрлық несие корпорациясының, «ҚазАгроҚаржы», «Сарыарқа» ӘКК-нің және екінші деңгейлі банктердің өкілдері қатысады.

Алғашқы кездесулер Осакаров, Нұра, Бұқар жырау, Қарқаралы және Шет аудандарында, сондай-ақ Саран қаласында өтті. Кеңеске жаңадан кәсіп бастаған және жұмыс істеп жүрген 214 кәсіпкер қатысты.
Тамыз айының соңына дейін мобильді фронт-офис Ақтоғай және Абай аудандарында, Балқаш, Приозерск, Теміртау және Шахтинск қалаларында болады.

Қолдауды тек мобильді форматта ғана емес, Бірыңғай фронт-офистен де алуға болады. Мұнда кәсіпкерлерге «Даму» қорының және «Бәйтерек» холдингіне қарасты өзге де даму институттарының бағдарламалары бойынша жан-жақты кеңес беріледі.

Мұндай қолдау көптеген компаниялардың бизнесін кеңейтуіне мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, Ash Textile кәсіпорны «Өрлеу» бағдарламасы аясында жеке өндірістік ғимаратын сатып алды.

Соның нәтижесінде перде тігумен айналысқан шағын шеберхана толыққанды өндіріске айналып, жабдықтарын жаңартып, өнім шығару көлемін ұлғайтты.

Қаржылық құралдардан бөлек, кәсіпкерлерге қаржылық жоспарлау, маркетинг және персоналды басқару бағыттары бойынша тегін оқыту бағдарламалары да ұсынылады.
Тағы бір маңызды бағыт — маркетплейстерге шығуға қолдау көрсету. Өндірушілер өз өнімдерін серіктес банктердің цифрлық сауда алаңдарында жеңілдетілген шарттармен сатып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен тұтынушылар таба алады.