23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық Ақтоғай ауданында жоспарлы түрде жүргізілуде. Осыған орай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерлан Мірәсілұлы Әбеу сайлау науқанының барысы туралы айтып берді.
– Ерлан Мірәсілұлы, сайлауға дайындық қалай жүріп жатыр?
– Президенттің 2026 жылғы 1 шілдедегі №1338 Жарлығына сәйкес 23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Ақтоғай ауданында дайындық жұмыстары Орталық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспарына сай кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сайлау учаскелері әзірленіп, комиссиялардың жұмысы үйлестірілуде, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және комиссия мүшелерін оқыту жұмыстары толық жүргізілді.
– Биылғы сайлаудың ерекшелігі неде?
– Биыл сайлауға жеті саяси партия қатысады. Бұл еліміздегі саяси бәсекелестіктің артқанын көрсетеді. Сайлаушылар өздерінің тіркелген сайлау учаскесін алдын ала тексеріп, заңнамадағы өзгерістермен танысқаны жөн.
– Ауданда қанша сайлау учаскесі жұмыс істейді?
– Ауданда 1 аумақтық және 25 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Барлығы 160 комиссия мүшесі сайлау науқанына қатысады. Барлық учаске қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілген.
– Сайлаушылар өз учаскесін қалай анықтай алады?
– 7 тамыздан бастап әр азамат әкімдіктің интернет-ресурсы немесе байланыс орталығы арқылы өзінің қай учаскеде дауыс беретінін және сайлаушылар тізіміндегі деректерін тексере алады.
– Сайлау кезінде заңдылық пен ашықтық қалай қамтамасыз етіледі?
– Сайлау қолданыстағы заңнамаға сәйкес өткізіледі. Әр азаматтың еркін таңдау жасауына және жасырын дауыс беру құқығына кепілдік беріледі. Комиссиялар барлық рәсімнің заң талаптарына сай өтуіне жауапты.
– Жалған ақпараттың алдын алу жөнінде не айтасыз?
– Азаматтар тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуі керек. Бұл жалған ақпараттың таралуына жол бермей, дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
– Байқаушылар мен БАҚ-тың жұмысы қалай ұйымдастырылады?
– Байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері заң талаптарына сәйкес тіркелгеннен кейін өз құқықтарын жүзеге асырады. Олар сайлау барысын бақылап, заң аясында фото, аудио және бейнежазба жүргізе алады.
– Ақтоғайлықтарға айтар тілегіңіз?
– Барша аудан тұрғындарын 23 тамыздағы Құрылтай депутаттарының сайлауына белсенді қатысуға шақырамын. Әр азаматтың дауысы – ел болашағына қосылған маңызды үлес.
Ақсая Жалғас