Болашаққа бастар жол – білім мен технологияда

Фото: ЖИ

Қазақстанның алдағы дамуында білім, ғылым және технологияның маңызы арта береді. Қазіргі әлемде мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен ғана емес, ғылыми әлеуеті, технологиялық мүмкіндігі және білікті мамандарымен де бағаланады.

23 тамызда елімізде Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа кезеңнің басталуы. Осы кезеңде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелермен қатар, ғылым мен жоғары білімнің әлеуетін тиімді пайдалану да өзекті бағыттардың бірі болуы тиіс.

Ғылымның басты құндылығы – оның нақты нәтижесінде. Зерттеу жұмыстары ғылыми жарияланыммен шектелмей, жаңа технологияға, отандық өнімге немесе өндірістің тиімділігін арттыратын инженерлік шешімге айналғаны маңызды. Ғылыми жаңалықтың өндірісте қолданылуы ел экономикасының дамуына тікелей ықпал етеді.

Бұл үдерісте жоғары оқу орындарының рөлі ерекше. Университеттер заманауи білім берумен қатар, ғылыми зерттеулер жүргізіп, өндіріс орындарымен бірлесіп жаңа технологиялар әзірлейтін ғылыми-білім беру орталығына айналуы қажет.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Университет тау-кен ісі, металлургия, машина жасау, энергетика, автоматтандыру, құрылыс, көлік және цифрлық технологиялар сияқты стратегиялық салалар үшін инженерлік кадрлар даярлайды.

Сондықтан білім беру бағдарламаларын өндіріс талаптарына сәйкестендіру, жұмыс берушілермен байланысты күшейту, дуальды білім беруді дамыту және студенттерді нақты өндірістік жобаларға тарту маңызды. Теориялық білім тәжірибемен ұштасқанда ғана еңбек нарығына дайын әрі бәсекеге қабілетті маман келеді.

Ғылым мен өндірістің өзара байланысын күшейту де уақыт талабы. Кәсіпорындар университеттермен бірлесіп өндірістегі нақты мәселелерді шешуге бағытталған зерттеулер жүргізіп, жаңа технологияларды сынақтан өткізуге мүдделі болуы қажет. Мұндай серіктестік отандық инженерлік шешімдердің дамуына және технологиялық тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Жас ғалымдарды қолдау да назардан тыс қалмауы тиіс. Ғылыми жоба зерттеу кезеңінде тоқтамай, тәжірибелік үлгіге, одан әрі нақты өнімге немесе технологияға дейін жеткізілетін жүйе қалыптастыру қажет. Ол үшін ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға, технологияларды трансферттеуге және өндірісте сынақтан өткізуге қолайлы жағдай жасалуы керек.

Бүгінгі инженер – дайын технологияны қолданатын ғана емес, оны жетілдіретін және жаңасын жасай алатын маман. Сондықтан инженерлік білімнің сапасы елдің технологиялық дамуымен тікелей байланысты.

Алдағы кезеңде білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты одан әрі нығайту – маңызды міндет. Ғылымға салынған инвестиция жаңа технологияның, білікті мамандардың және заманауи өндірістің негізін қалайды.

Құрылтайдың жаңа кезеңінде ғылым мен технологияны дамытуға қатысты нақты бастамаларға басымдық берілуі қажет. Қазақстанның технологиялық болашағы – сапалы білімде, қуатты ғылымда және отандық өндірісті дамытуға бағытталған инженерлік әлеуетте.