Қарағанды облысында «Senat Open» III ашық шахмат кубогын өткізуге дайындық жұмыстары басталды. Ауқымды республикалық жоба Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Қазақстан шахмат федерациясының (ҚШФ) бірлескен бастамасымен жүзеге асырылады. Турнир 2026 жылғы 17 қаңтар мен 28 тамыз аралығында өтеді.
«Senat Open» ашық кубогы – шахмат спортын кеңінен насихаттауға, зияткерлік мәдениетті дамытуға және түрлі сала өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған республикалық деңгейдегі жоба. Жарысқа саяси қайраткерлер, барлық деңгейдегі депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ әлеуметтік сала, бұқаралық ақпарат құралдары мен мәдениет саласының өкілдері қатысады. Қатысушылардың ФИДЕ рейтингі 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2000-нан аспауы тиіс.
Турнирдің негізгі мақсаты – Қазақстан шахмат федерациясының өңірлердегі беделін арттыру, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың шахматты дамытуға деген қызығушылығын күшейту, сондай-ақ қазақстандықтардың зияткерлік әлеуетін дамытуға үлес қосу.
Жарыс төрт кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең – 1/8 финал 2026 жылғы 17 қаңтар мен 28 ақпан аралығында облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда өтеді. Әр өңірде дербес іріктеу турнирлері ұйымдастырылып, олардың қорытындысы бойынша үздік қатысушылар ширек финалға жолдама алады. Іріктеу кезеңіне қатысушылардың ұсынылатын ең төменгі саны – 100 адам.
Ширек финал кезеңі 2026 жылдың 28 наурызы мен 31 мамыры аралығында бірқатар өңірлерде өткізіледі. Қарағанды облысы осы кезеңді қабылдайтын негізгі аймақтардың бірі ретінде белгіленген. Бұл кезеңге мәслихат депутаттары, олардың аппарат қызметкерлері, өңірлік қоғамдық кеңес мүшелері және іріктеу кезеңінен өткен үздік шахматшылар қатысады.
Жартылай финалдар 2026 жылғы маусым–тамыз айларында еліміздің бес өңірінде ұйымдастырылады. Олардың қорытындысы бойынша финалға қатысатын ойыншылар анықталады. Финалдық кезең 2026 жылғы 28 тамызда Астана қаласында өтеді. Финалға жартылай финал жеңімпаздарымен қатар Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары мен республикалық қоғамдық кеңестердің мүшелері қатысады.
Турнирді ұйымдастыру жұмыстары Қазақстан шахмат федерациясы, ҚР Парламенті Сенатының Аппараты және жергілікті атқарушы әрі өкілді органдардың қатысуымен жүзеге асырылады. ҚШФ техникалық және төрешілік қамтамасыз етуге, шахмат жабдықтарына және марапаттау рәсімін ұйымдастыруға жауапты. Ал жергілікті органдар қатысушыларды қабылдау, қауіпсіздік, медициналық сүйемелдеу және ақпараттық қолдау жұмыстарын қамтамасыз етеді.
«Senat Open» III ашық шахмат кубогы – елімізде шахмат спортын дамытуға, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық институттар арасындағы өзара байланысты нығайтуға және салауатты, зияткерлік өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды әрі беделді жарыс.
