Мұрат Әуезевтің аты соғыстан кейін туған біздің буынның кумирі болған. Ел ішінде «Мұхтар Әуезовтің Мұрат деген ұлы бар екен, Мәскеуде оқып жүр, «Жас тұлпар» деген құпия ұйым құрып, өзіндей өңкей Қаракөктің балаларының басын қосып, ұлы орыс шовнизміне қарсы шығыпты, Сәбит Мұқанов оны «Алашорданың күшігі»-депті...»-деген қаңқу сөз желдей есіп тұрғанда, біз түкпірдегі бір провинциялық ауылда 7-8-ші кластарда оқып жүрген жас өскін бала едік. Мен туған жер атақты Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханның кіндік қаны тамған, Ақсораңның етегіндегі ел еді.
Совет өкіметі қазақтың екі жұртын темір жолы жоқ, баяғы феодалдық-патриархалдық, цивилизациядан, мүлде, ада, ит арқасы қиянда ұстаған. Біреуі Орта жүзде Ә. Бөкейхан туған Ақтоғай ауданы, екіншісі Кіші хүзде Халел, Жанша Досмұханбетовтер туған Оралдың Жымпиты ауданы. 1990 жылдарға дейін Ақтоғайдың бір тумасы мұнда бірінші хатшы болмаған екен! Совет өкіметі ХХ ғасырдың 90-шы жылдарына дейін бұл елге күдікпен қараған... Сенбеген! Мен де сол елдің баласы едім...
Мұрат аға заманынан оза туған, терең интеллектуалды тұлға, аристократ адам еді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Мұхтар Әуезовтер сынды, Homоsapiens-тен бөлініп шығып, , Homo Soveticus (лат) дейтін ұлыс құрған Малиннің Мырқымбайларына , мұлде, керағар азамат еді.
Сондықтан оны олар түсіне алған жоқ! Түсінуі де мүмкін емес-ті.
Бізге Әуезовтермен дәмдес болуды тағдыр маңдайымызға жазған жоқ. Есесіне, біз Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Құл-Мұхамедтің заманында өмір сүрдік. Олар бізге Алашорда аманатын жеткізген алтын көпір болды! Мұрат аға сол алтын көпірдің алғашқы архитекторы да, жүргіншісі де болды! Біз де соның үстімен өтіп, осы заманға келдік.
Академик Мұхтар Құл-Мұхммед Мұхтар Әуезов пен Фатима ханым, осы Мұрат ағамыз қахында қандай ғажайып эсселер жазды! Қарағандыдағы Лингва универститетінің ректоры Нұрсұлу Букетованың шақыруымен келгенде ағамен біраз сұхбат құрып едік. Ол ХХ ғасырға сүрен салған Евтушенко, Вознесенскилер буынының өкілетті бір елшісі еді!
Мәскеу. Елуінші жылдар хроникасы. Жылмық дәуірі
Мәскеу бұл –
Жинаған шерлі елді.
Тебіренді.
Жыр болып тербелді:
Сібірден, он алты жастағы
Евгений Евтушенко келген-ді.
Стадионға жиналып жайсаң мен жақсысы,
Ақындар – ұстаған арқада бақсысы:
« – Айналдым, мынау – не?! Өлең бе?!» –
« – Айыптау актісі!..»
Түнек тұр серпілмей, – қасарып,
Фатима* шешеміз көзіне жас алып;
«Алаш орда» аузына түкірген, –
«Жас тұлпар»* кермеде жасанып!
Ібір-Сібірде
Аяздан көз ашпай, бораннан,
Өзінің елінде –
Өздері эмигрант боп алған;
Советтер Одағы – ГУЛАГ-тан оралған –
Азалы-Оралман!
Мәскеу ше жинаған шерлі елді?
Тебіренді.
Жыр болып тербелді:
Сібірден, он алты жастағы
Евгений Евтушенко келген-ді.
... Көкке ұшты ол бүгін,
Қанатын замана талдырып,
Соңында өр үні жаңғырып;
Ойраны шыққан бұл опасыз Ресейге
Орыстың рухын қалдырып...
Мұрат ағаның аруағы ырза болсын, анасы Фатима Ғабитоваға арынаған өлеңімді оқып берейін. Бұл өлеңді Алматыдағы бір отырыста Мұрат ағаның өзіне де оқып едім. Мархұм сонда көзіне жас алған...
Ақтоқты – 37
М.О.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театры
Сахнада – Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясы.
Ақтоқты Ақанға жалынып тұр:
– Әрі ақындық, әрі бақыт
Сыймас болса бір жерге –
Заманыңның салты сол да
Көнейін де бәріне...
Бұл Ақтоқтының өзін-өзі өлімге қияр сәттегі ақтық монологы. Спектакль тұңғыш рет 1942 жылы 10-наурызда қойылды. Бұл кезде сталиндік репрессияның құрбаны болған арыстарымыздың жесірлері ГУЛАГ-та жүрген еді...
Олар премьераны көре алған жоқ.
Кейін Фатима шешеміз Ақтоқтының осы монологтарын естігенде қандай күйде болды екен деген ой мазалайды мені...
Есе алды да ессіздік пен есірік,
Көз жасы ақты – көктің түбі тесіліп.
Ақтоқтылар АЛЖИР дейтін Түнекте
Шырылдады
Бұрымдары кесіліп!
Керуен бастап кердендеген кесірмен –
Жендет біткен келеді ойнап жесірмен:
АЛЖИР дейтін Алапаттың ішінде –
Ақтоқтылар –
Бұрымдары кесілген!
Көз алдымда тікірейген тұлымы,
Құлағымда шыр-шыр етіп тұр үні.
...1956.
Келе жатыр кімді іздеп –
Ақтоқтылар –
Түсіп қалған бұрымы?!
Ақандар жоқ.
Алаш та – жоқ!
Туыс та...
Кімдер оны қарсы алады гүл ұстап?
Алда – тұман.
Артта – жендет қалды ғой,
Арулардың бұрымдарын уыстап!
Тозаң басқан том-том істі ақтарып,
Мен де қалдым шежіре боп қатталып.
...Бұрымдарын тастап Сұмның қолына,
Ақтоқтылар бара жатыр –
Аттанып!
Хош, Арулар!
Мен де кетем жақында,
Мәңгі ғұмыр жазылмаған ақынға:
Адамзатқа айтып кеттім,
Кесілген –
Арулардың бұрымдары хақында...
Ақтоқтылар!
Қос қолымды ал –
Қош болыңдар!!!
08.01.2025 ж. Қарағанды.
P.S. Мамыр айында аяулы ағамыздың фәниден бақиға қайтқанына бір жыл болады екен...
Серік Ақсұңқарұлы
