Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі халықаралық академиялық кеңістіктегі орнын біртіндеп нығайтып келеді. Шетелдік талапкерлердің отандық жоғары оқу орындарына қызығушылығының артуы, халықаралық білім беру бағдарламаларының кеңеюі және академиялық байланыстардың дамуы еліміздің жоғары мектебінің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің біріне айналды.
Бұл үрдісті нақты деректер де көрсетеді. 2026–2027 оқу жылына Қазақстан Республикасының шетел азаматтарына арналған мемлекеттік стипендиялық бағдарламасына әлемнің 71 елінен 16 098 үміткер өтінім берді. Конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша 550 шетел азаматы мемлекеттік стипендия иегері атанды. Оның 490-ы бакалавриатта, 50-і магистратурада, 10-ы PhD докторантурада білім алады. Биыл стипендия иегерлерінің географиясы 49 мемлекетті қамтыды.
Шетелдік жастардың Қазақстанды таңдауы тек жоғары білім алу мүмкіндігімен шектелмейді. Заманауи білім беру бағдарламалары, инженерлік және технологиялық бағыттардың дамуы, академиялық ұтқырлық, халықаралық ынтымақтастық пен қолайлы студенттік ортаның қалыптасуы қазақстандық университеттердің халықаралық білім беру нарығындағы тартымдылығын арттырып келеді.
Бұл бағыттағы оң динамика Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде де айқын байқалады. 2026–2027 оқу жылында университетте 272 шетелдік білім алушы бар. Оның 242-сі негізгі білім беру бағдарламалары бойынша оқыса, тағы 30 шетел азаматы биыл алғаш рет ашылған дайындық бөлімінде білім алуда. Бүгінде университеттің халықаралық студенттік қауымдастығы 16 мемлекетті қамтиды.
Шетелдік білім алушылар саны бойынша Ресей Федерациясы, Түрікменстан және Өзбекстан алдыңғы қатарда. Қазіргі таңда университетте Ресейден – 83, Түрікменстаннан – 56, Өзбекстаннан – 51, Ауғанстаннан – 17 студент білім алады. Сонымен қатар мұнда Әзербайжан, Германия, Қытай, Украина, Қырғызстан, Палестина, Армения, Тәжікстан, Индонезия, Бангладеш, Моңғолия және Беларусь азаматтары оқиды. Әртүрлі елдерден келген жастардың бір білім ордасында тоғысуы университеттегі академиялық ортаны жаңа мәдени тәжірибелермен толықтырып, халықаралық студенттік байланысты нығайта түсуде.
Биылғы қабылдау көрсеткіштері де халықаралық бағыттағы жұмыстың ауқымы кеңейіп келе жатқанын аңғартады. 2026–2027 оқу жылында университетке 172 шетел азаматы қабылданды. Оның 142-сі бірінші курс студенттері болса, 30-ы дайындық бөлімінде білім алуда. Бірінші курсқа қабылданған шетелдік студенттер 13 мемлекеттің өкілдері. Олардың басым бөлігін Түрікменстан, Ресей Федерациясы және Өзбекстан азаматтары құрайды. Ал дайындық бөлімінде Қытай мен Моңғолиядан келген білім алушылардың үлесі жоғары.
Сонымен қатар университеттің жоғары курстарында да халықаралық контингент қалыптасқан. Қазіргі таңда 2–4 курстарда 12 мемлекеттен келген 100 шетелдік студент оқуын жалғастыруда. Оның 67-сі екінші, 27-сі үшінші, ал алтауы төртінші курста білім алады. Бұл шетелдік студенттермен жұмыс тек қабылдау науқанымен аяқталмай, олардың бүкіл оқу кезеңін қамтитын жүйелі бағытқа айналғанын көрсетеді.
Шетелдік талапкерлерді тартуда мемлекеттік стипендиялық бағдарламаның да маңызы жоғары. 2026–2027 оқу жылында осы бағдарлама бойынша университетке 10 шетел азаматы қабылданды. Олардың сегізі бакалавриатта, екеуі магистратурада білім алады. Стипендия иегерлері Палестина, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Индонезия және Бангладештен келген. Биыл мемлекеттік стипендиялық бағдарлама аясында Индонезия мен Бангладеш азаматтары университетке алғаш рет оқуға түсті.
Халықаралық географияның кеңеюіне Study in Kazakhstan бастамасы аясындағы кәсіптік бағдар беру жұмыстары да ықпал етіп отыр. Соңғы оқу жылында университет өкілдері Үндістан, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан және Өзбекстанда әлеуетті талапкерлермен тікелей кездесулер өткізіп, Қазақстанның жоғары білім беру мүмкіндіктері мен университеттің инженерлік-техникалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын таныстырды.
Сонымен қатар шетелдік аудиториямен халықаралық білім беру алаңдары мен цифрлық коммуникация арналары арқылы жүйелі байланыс жүргізілуде. Мұндай жұмыс университетке жаңа білім беру нарықтарына шығуға, қазақстандық техникалық білімді шетелде кеңінен таныстыруға және халықаралық талапкерлер географиясын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бұл бағыт халықаралық академиялық ынтымақтастықпен де сабақтасып жатыр. Шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік, бірлескен білім беру бастамалары, академиялық ұтқырлық, халықаралық алмасу бағдарламалары, студенттер мен оқытушылардың халықаралық жобаларға қатысуы университеттің жаһандық білім беру кеңістігімен байланысын тереңдетуде.
Алайда халықаралық білім беруді дамыту тек шетелдік студенттердің санын арттырумен өлшенбейді. Жаңа елге келген білім алушының университет ортасына бейімделуі, қажетті ақпаратқа қол жеткізуі және өзін қауіпсіз әрі еркін сезінуі де маңызды.
Сондықтан университет шетелдік студенттерді тартумен қатар, олардың Қазақстандағы жаңа академиялық және әлеуметтік ортаға бейімделуіне ерекше көңіл бөледі. Білім алушыларға академиялық, ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіліп, визалық және көші-қон мәселелері бойынша сүйемелдеу жүргізіледі.
Осы жүйелі жұмыстың жалғасы ретінде 7 қазанда International Students Welcome Day өтті. Кездесу түрлі мемлекеттерден келген білім алушыларды бір алаңға біріктіріп, олардың университет басшылығымен, факультет декандарымен және шетелдік студенттермен тікелей жұмыс істейтін құрылымдық бөлімшелер өкілдерімен ашық байланыс орнатуына мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында шетелдік студенттер үшін күнделікті өмірде маңызды болатын мәселелерге де ерекше назар аударылды. Қарағанды облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Дидар Ибрагимович Алхамин Қазақстан Республикасында болу тәртібі, көші-қон талаптарын сақтау, тіркеу және жеке қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар шетелдік студенттерге SafeTravel.kz жобасы аясында тегін SIM-карталар табысталды. Бұл бастама шетелдік азаматтарға Қазақстанға келген алғашқы күндерінен бастап байланыста болып, қажетті онлайн-сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді. Бастапқы пакетте 1 GB интернет қарастырылған.
International Students Welcome Day аясында білім алушылар университеттің академиялық және әлеуметтік мүмкіндіктерімен, халықаралық бағдарламалармен, академиялық ұтқырлық бағыттарымен, цифрлық сервистермен және студенттік өмірмен де танысты. Ашық диалог барысында олар өздерін қызықтырған сұрақтарға тікелей жауап алды. Ал бағдарламаның мәдени бөлігі әр елден келген жастардың жақынырақ танысып, өзара қарым-қатынас орнатуына бағытталды.
Шетелде білім алу – студент үшін аудиториядағы сабақпен ғана шектелмейтін үлкен тәжірибе. Оның сапасына жаңа елдегі алғашқы күндер, университет тарапынан көрсетілетін қолдау, ақпараттың қолжетімділігі, тұрмыстық және әлеуметтік бейімделу, қауіпсіздік және жаңа ортаға еркін араласу мүмкіндігі тікелей әсер етеді.
Сондықтан халықаралық білім беруді дамытуда университеттердің алдында шетелдік талапкерлерді тартумен қатар, олардың сапалы білім алуына, дамуына және университеттік ортаға толыққанды кірігуіне жағдай жасау міндеті тұр.
Шетелдік білім алушылар санының артуы, студенттер географиясының жаңа мемлекеттермен толығуы және халықаралық байланыстардың кеңеюі қазақстандық инженерлік-техникалық білімнің халықаралық деңгейдегі танымалдығы артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс Қазақстанның білім экспортын дамытуға және еліміздің жоғары білім беру жүйесінің халықаралық академиялық кеңістіктегі беделін нығайтуға мүмкіндік береді.