Скрининг күрделі операциядан құтқарды: Қарағанды облысындағы пациенттің оқиғасы

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысының тұрғындарына скринингтік тексерулерден уақтылы өтіп тұрудың маңызы зор екені тағы бір мәрте дәлелденді. №3 көпсалалы аурухана мамандарының айтуынша, профилактикалық тексерулер ауруды алғашқы белгілері білінбей тұрып анықтауға мүмкіндік беріп, күрделі ем мен ауыр операциялардың алдын алады.

Жақында колоректальды қатерлі ісікке қарсы жүргізілген скрининг өңірдің 75 жастағы тұрғынының денсаулығындағы қауіпті өзгерістерді дер кезінде анықтауға көмектесті. Зерттеу барысында нәжістен жасырын қан анықталып, пациент қосымша тексеруге жолданған. Кейін жүргізілген колоноскопия кезінде дәрігерлер бірнеше полипті анықтады. Олардың бірі көлемі жағынан ірі болып, қатерлі ісікке айналу қаупі жоғары болған.

Мамандар жаңа түзілістерді аз инвазивті эндоскопиялық әдіспен алып тастап, ашық хирургиялық араласуды қажет етпейтін ем жүргізді.

— Эндоскопия саласындағы заманауи технологиялар мұндай түзілістерді үлкен тіліктерсіз және жарақаты ауыр операцияларсыз түбегейлі жоюға мүмкіндік береді. Біз ісікті өзгеріске ұшыраған тіндермен бірге толық алып тастаймыз. Бұл қатерлі ісіктің дамуына жол бермей, пациенттің өмір сапасын сақтауға көмектеседі, — дейді эндоскопиялық орталықтың меңгерушісі Индира Хамитова.

Оның айтуынша, жоғары дәлдіктегі заманауи жабдықтар шырышты қабықтағы болмашы өзгерістердің өзін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тіндердің құрылымын бірден бағалап, емдеу тактикасын дер кезінде таңдауға жағдай жасайды. Бұл диагностиканың тиімділігін едәуір арттырып, ауруды бастапқы сатысында анықтау мүмкіндігін күшейтеді.

Онкологиялық орталықтың мәліметінше, мұндай араласулардың саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылы обырға дейінгі аурулар мен қатерлі ісіктің ерте сатыларына байланысты 24 ота жасалса, 2025 жылы олардың саны 42-ге жеткен. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айында ғана 35 осындай операция орындалған.

Дәрігерлер колоректальды қатерлі ісік әлемде және елімізде жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі екенін еске салады. Дегенмен дерттің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – скринингтік тексерулерден уақытылы өту. Ерте анықталған өзгерістер дер кезінде емделіп, аурудың асқынуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Қарағанды облысы бойынша Медициналық сақтандыру қоры филиалының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша