Таң алагеуімнен Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейдің маңы жандана бастады. Әдеттегі демалыс күнгі мамыражай тыныштықтың орнын елдік іске үн қосуға асыққан сайлаушылардың қадамы басты. №35 сайлау учаскесінде дауыс беру басталған алғашқы минуттардың өзінде 15 адам өз таңдауын жасап үлгерді.
Сағат тілі жетіні көрсетісімен учаске есігі айқара ашылып, алғашқы сайлаушылар бірінен соң бірі келе бастады. Олардың қатарында жасы үлкен қариялар да, саяси науқанға алғаш рет қатысып отырған жастар да бар. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Раиса Кенешқызының айтуынша, дауыс беру заң талаптарына сай, қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Сайлаушыларға қолайлы жағдай жасалып, учаскеде мерекелік көңіл күй қалыптасқан. Үнтаспадан күмбірлеген күй мен рухты әндер әуелеп, саяси науқанның салмағын сезіндіре түсті.
– Алғашқы болып келген егде жастағы сайлаушыларға ықыласымызды білдіріп, шағын кәде әзірледік. Бүгінгі күннің мерекелік лебін сезінсін деген ниетпен «Қазақстан» шоколадын ұсындық. Тоқсан жастағы ақсақал ақ жаулықты жұбайымен бірге келді. Шағын сыйлығымызды қабыл алып, екеуі де кәдімгідей жадырап қалды. Осындай сәттер сайлау күнінің тек саяси науқан емес, елді ортақ мұратқа ұйыстыратын ерекше күн екенін аңғартады, – деді комиссия төрағасы.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz