Бүгін елімізде тарихи маңызы зор саяси науқан – Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов Достық үйінде орналасқан №100 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.
Облыстық мәслихат төрағасы ел болашағы үшін маңызды саяси науқанға қатысу әр азаматтың конституциялық құқығы әрі азаматтық жауапкершілігі екенін ерекше атап өтті.
– Құрылтай сайлауы – отанымыздағы саяси жаңғырудың маңызды қадамы. Жаңа қоғамдық-саяси институттың қалыптасуы азаматтардың белсенділігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Бүгінгі дауыс беру үдерісі – әрқайсымыздың елдің келешегіне деген көзқарасымызды білдіретін теңдессіз мүмкіндік. Құрылтай халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды алаңға айналады деп сенемін. Оның құрамына мемлекет пен қоғам мүддесін терең түсінетін, халықтың аманатын арқалай алатын азаматтар келеді деген үміт білдіремін, – деді Нұркен Сайфиддинұлы.
Сайлау учаскелеріндегі дауыс беру барысы белгіленген тәртіпке сәйкес жалғасуда. Сайлаушылар белсенділігі – жоғары.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»