Бүгін, 23 тамызда, ел тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтіп жатқан күні жалпыұлттық онлайн-марафон өз жұмысын бастады. Ауқымды медиажоба сайлау барысы туралы жан-жақты ақпарат беруге, сондай-ақ қоғамдық өмірдің өзекті мәселелерін талқылауға бағытталған. Тікелей эфир сағат 09:00-де басталып, 00:30-ға дейін жалғасады. 16 сағат бойы көрермендерге сайлау процесінің барысы туралы жедел ақпарат, сарапшылардың пікірлері, тікелей қосылымдар, арнайы репортаждар мен түрлі форматтағы бағдарламалар ұсынылады. Марафонға қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар, түрлі саланың мамандары мен сарапшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, блогерлер, спортшылар, сондай-ақ шығармашылық және креативті индустрия өкілдері қатысуда. Онлайн-марафонның мазмұны бірнеше арнайы алаңда ұсынылады. Негізгі сахнада қоғам үшін өзекті мәселелер талқыланып, спикерлер өз пікірлері мен ұстанымдарын білдіреді. Touch Screen интерактивті жүйесі арқылы көрермендерге Қазақстанның түрлі бағыттар бойынша халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері, сондай-ақ елдің негізгі статистикалық деректері таныстырылады. Сайлау науқанын жан-жақты жариялауға ерекше назар аударылған. АҚШ, Ресей, Түркия, Қытай және Бельгиядан, сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірлерінен тікелей қосылымдар ұйымдастырылды. Әр екі сағат сайын көрермендерге шетелдегі дауыс беру нәтижелері туралы ақпарат ұсынылады. Сайлау барысы туралы ресми ақпарат екі алаңнан беріледі. Орталық сайлау комиссиясының алаңында ресми статистикалық мәліметтер мен дауыс беру барысы туралы ақпарат жарияланады. Ал Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында халықаралық байқаушылардың пікірлері мен бағалаулары ұсынылады. Марафон бағдарламасына танымдық және мотивациялық форматтар да енгізілген. Күні бойы өз саласында жетістікке жеткен азаматтар мен қоғамдық белсенділер 5–7 минуттық шағын дәрістер барысында өз тәжірибелерімен бөліседі. Дискуссиялық алаңда қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және тарихи-мәдени тақырыптар талқыланады. «Экспресс-камера» форматы арқылы көрермендердің сауалдары жедел жинақталып, қысқа сұхбаттар жүргізіліп, азаматтардың пікірлері ұсынылады. Сонымен қатар марафон аясында викториналар мен ойын-сауық форматындағы іс-шаралар ұйымдастырылады.
Құрылтай сайлауы күні жалпыұлттық онлайн-марафон басталды
Сурет: ЖИ Gemini