Каспий теңізіне құлаған «белгісіз нысандардың» құпиясы ашылды

Фото: Gemini ИИ

Әлеуметтік желілерде Құрық ауылы маңында Каспий теңізіне зымыранға ұқсас белгісіз заттардың құлағаны түсірілген видео тарап, тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырды. Осыған байланысты Ақтау гарнизоны ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Life09» ақпарат агенттігі «stankznews» telegram-арнасына сілтеме жасап.

Әскери ведомствоның мәліметінше, 21 сәуір күні аталған аумақтағы теңіз полигонында жоспарлы оқу-жаттығу жиындары өткен. Әскери-теңіз күштерінің кемелері белгіленген шартты нысаналарды көздеп, практикалық атыс жаттығуларын орындаған.

«Желіде тараған видеодағы нысандар – оқу-жаттығу аясында қолданылған әскери техниканың элементтері. Бұл жоспарлы іс-шара болғандықтан, тұрғындардың үрейленуіне негіз жоқ», — деп атап өтті Ақтау гарнизонының өкілдері.

Маңғыстау облысының әскерилері азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге және жалған ақпарат таратпауға шақырады.