Қарағандылықтар дерматологтарға арналған цифрлық көмекші әзірледі

Фото: Life09

Дәрігер дерматоскоп арқылы терідегі түзілісті мұқият зерттеп отыр. Экранда ондаған сызық, сан алуан реңк пен көзге әрең шалынатын ұсақ бөлшектер көрінеді. Тәжірибелі маман үшін мұның бәрі диагноз қоюға жол ашатын маңызды белгілер болса, тәжірибесі аз дәрігер үшін елеусіз көрінетін қауіп-қатер белгілерін байқамай қалу қаупі жоғары күрделі міндетке айналуы мүмкін.

Осы мәселені шешу мақсатында қарағандылықтар Тимур Бекеев, Дмитрий Гнейдин және Павел Ильин дерматоскопиялық кескіндерді талдауда дәрігерлерге көмек көрсететін жасанды интеллект негізіндегі TeriAI жүйесін әзірледі.

Жобаның бастауында не тұрды

Жобаны әзірлеуге түрткі болған – өмірден алынған қарапайым жағдай. 1990-жылдары Қарағанды мемлекеттік медицина академиясында «Медициналық кибернетика» мамандығы бойынша білім алған Тимур Бекеев жұбайы – дәрігер-дерматологтың дерматоскопты күнделікті тәжірибеде сирек қолданатынын байқайды. Мұның себебі де түсінікті еді: мұндай кескіндерді мол тәжірибесіз дәл әрі дұрыс интерпретациялау оңай емес.

— Диагноз қою барысында дәрігерлер көбіне тері ауруларының түрлі-түсті фотосуреттері жинақталған баспа атласын пайдаланып, ондағы суреттерді науқастың терісіндегі өзгерістермен салыстырады. Немесе мұндай түзілістерді бағалау дағдыларын меңгеру үшін қымбат оқыту курстарынан өтеді, – дейді Тимур Бекеев.

Осылайша оның бойында кескіндерді бастапқы талдау жұмысын жасанды интеллектке жүктеу идеясы туады.

— Біздің мақсатымыз дәрігерді алмастыратын жүйе жасау емес еді. Біз маманның шешім қабылдауына қолдау көрсететін сенімді көмекші құрал әзірлеуді көздедік, – дейді жоба авторы.

Кейін жобаға Тимурдың бұрынғы курстастары Дмитрий Гнейдин мен Павел Ильин қосылды. Нарықты зерттеген команда Қазақстанда мұндай технологиялық шешімдердің жоқтың қасы екенін, ал шетелдік аналогтардың көпшілік клиника үшін тым қымбатқа түсетінін анықтады. Осылайша TeriAI жобасы дүниеге келді.

Жүйе қалай жұмыс істейді

Жүйенің жұмысы кәдімгі дерматоскопиялық кескіннен басталады. Дәрігер смартфон камерасына жалғанған дерматоскоптың көмегімен терідегі жаңа түзілістің суретін түсіріп, оны қосымшаға жүктейді.

Одан кейін талдауды жасанды интеллект жүргізеді. Алгоритмдер түзілістің пішінін, түсін, құрылымын, шекарасын және басқа да ерекшеліктерін саралап, клиникалық тұрғыдан маңызды болуы ықтимал белгілерді анықтайды әрі тиісті ұсынымдар қалыптастырады. Жүйе динамикалық бақылауды, қосымша тексеруден өтуді немесе бейінді маманның кеңесіне жүгінуді ұсынуы мүмкін. Дегенмен түпкілікті шешім қабылдау құқығы әрдайым дәрігердің өзінде қалады.

Команда жобаға 10 миллион теңгеден астам қаржы салды

Тимур Бекеев өнімді әзірлеу бағытына жетекшілік етеді және Денсаулық сақтау министрлігі жүйесінде ақпараттық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады.

Дмитрий Гнейдин жобаға инвестиция құйып, жеке бизнесін дамытып келеді. Ал Павел Ильин маркетингке жауап береді әрі «Олимп» зертханалар желісінің бизнес-серіктесі саналады.

Команда құрамына бұдан бөлек Астанадан фулстек-әзірлеуші және Қарағандыдан бағдарламалау мамандығында білім алып жүрген екі студент енді.

Жобаны әзірлеу кезеңінде оның негізін қалаушылар өз қаражаты есебінен 10 миллион теңгеден астам инвестиция салған.

— Бұл қаражат мамандардың еңбекақысын төлеуге, техникалық инфрақұрылымды қамтамасыз етуге және дерматоскоптарды медициналық техника тізіліміне тіркеуге жұмсалып жатыр, – дейді Павел Ильин.

Өнім дайын болғаннан кейін команда Terricon Valley акселерациялық бағдарламасынан өтіп, нарыққа шығудың түрлі модельдерін сынақтан өткізіп, әлеуетті клиенттермен жұмыс істеу тетіктерін қалыптастырды.

Пилоттық жобадан коммерциялық пайдалануға дейін

Бүгінде TeriAI Қарағанды мен Астанадағы үш клиникада пилоттық режимде енгізіліп жатыр. Жоба авторларының айтуынша, бірқатар медициналық ұйымдар сервисті сынақтан өткізу кезеңінен коммерциялық пайдалануға көше бастаған.

Қызмет көрсету моделі қарапайым: ай сайынғы жазылым құны – 5000 теңге. Бұл пакетке өңделген кескіндер бойынша он медициналық қорытынды кіреді. Ал әрбір келесі зерттеу үшін 500 теңге төленеді.

Келесі қадам

Қазіргі таңда команда медициналық университетпен бірлесіп, жүйенің нақты клиникалық тәжірибедегі тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін ғылыми зерттеу жүргізуге дайындық үстінде.

Зерттеу нәтижелерін әзірлеушілер Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне ұсынуды жоспарлап отыр. Егер TeriAI жүйесінің тиімділігі ғылыми тұрғыда дәлелденсе, бұл цифрлық көмекші еліміздің мемлекеттік медициналық ұйымдарында да кеңінен қолданылуы мүмкін.

«Террикон алқабының» ақпараты бойынша

Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі