Қарағандылық оқушылар ақын Мұқағали Мақатаевтың туған жері — Алматы облысының Қарасаз ауылында өткен республикалық Мұқағали оқуларында жүлделі орындарға ие болды.
Биылғы шығармашылық байқауға 80-ге жуық дарынды қатысушы жиналды. Үш күн бойы олар ақын шығармаларын мәнерлеп оқу, ақындық өнер, жыр-эстафета және ұлттық өнер бағыттары бойынша бақ сынады.

Республикалық кезеңде Қарағанды облысының намысын төрт оқушы қорғады. Байқау қорытындысы бойынша олардың үшеуі жүлдегер атанып, арнайы марапаттарға ие болды.
Балқаш қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Саяжан Тайтөлеуова «Дариға, домбырамды берші маған» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Оның өнер көрсетуі қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

— Байқаудың қалалық және облыстық кезеңдеріне жеті мыңнан астам оқушы қатысты. Бәсекелестік өте жоғары болды, себебі әр қатысушы іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанып, өз өңірінің намысын қорғап келді. Әрине, мен қобалжыдым, алайда шығармашылық байқауларға қатысқан жылдар бойы үйренгендерімнің барлығын көрсетуге тырыстым. Мұқағали Мақатаевтың туған жерінде өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе әрі ұмытылмас оқиға болды. Бұл марапат алға қарай ұмтылып, шеберлігімді шыңдай түсуге шабыттандырады, — деді Саяжан.
Арнайы жүлделер мен алғыс хаттарға Ақтоғай ауданы Сарытерек ауылы Жабас Кеңесбаев атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Мерғазы Төлеутайұлы және Қарағанды қаласындағы №17 мектептің 10-сынып оқушысы Ерасыл Аманбай ие болды.

Республикалық Мұқағали оқуларын Алматы облысының білім басқармасы, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және «Жас дарын» өңірлік орталығы ұйымдастырды.