Қарағанды облысының Жарық станциясында қайта жағырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалы жолаушыларға қайта есік ашты.

Вокзалда күту залы мен билет кассалары жаңартылып, жаңа жиһаздар мен электронды ақпараттық таблолар орнатылды. Платформадағы жолаушыларға арналған аумақ абаттандырылып, жарықтандыру мен кондиционерлеу жүйелері қайта қалыпқа келтірілді.

Сонымен қатар вокзалда кедергісіз орта қалыптастырылды. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалы отбасылар үшін нысанды пайдалануды едәуір жеңілдетті.

Жарық станциясын жаңғырту — Қарағанды облысының теміржол инфрақұрылымын кешенді жаңарту жөніндегі ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. Бағдарламаға барлығы 14 вокзал мен жолаушылар платформасы енгізілген.
Қазіргі уақытта сегіз станцияда — Мойынты, Ақадыр, Дәрия, Жаңа-Қарағанды, Қарағанды-Сұрыптау (жұп), Мырза, Нұра және Сарыбел станцияларында — жұмыстар толық аяқталды. Тағы үш станцияда — Теміртау, Айса және Қарағанды-Сұрыптау (тақ) — жолаушылар платформалары жаңартылды.
Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Ал Сарышағанда жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтуде. Қажетті рәсімдер аяқталған соң мұнда да теміржол инфрақұрылымы жаңартылады.
— Теміржол нысандарын жаңарту өңір үшін айрықша маңызға ие. Теміржол Қарағанды облысының тұрғындары үшін негізгі көлік қатынасының бірі болып қала береді. Ол өңірдегі қалалар мен елді мекендерді Қазақстанның басқа облыстарымен байланыстырады. Сондықтан вокзалдар мен платформалардың заманауи талаптарға сай болуы мыңдаған жолаушының сапар жайлылығы мен көрсетілетін қызмет сапасына тікелей әсер етеді, - деп атап өтті Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында.
Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде өңірдегі жолаушылар инфрақұрылымы біртіндеп заманауи талаптарға сай әрі қолайлы бола түсуде. Бұл күту залдары мен ақпараттық жүйелерден бастап, платформалар мен жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға жасалған жағдайларға дейінгі инфрақұрылымның барлық негізгі бағыттарын қамтиды.