Қарағанды облысы Словакия Республикасымен өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтып келеді. Банска-Быстрица өзін-өзі басқаратын өлкесімен экономика, кәсіпкерлік және білім беру салаларындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылып, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағыттары белгіленді.

Қарағанды облысының делегациясы өңір әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың жетекшілігімен Словакия Республикасына жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамына мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар энергетика, металлургия және ақпараттық технологиялар салаларында қызмет атқаратын бизнес өкілдері енді.
Сапар аясында қазақстандық-словакиялық бизнес-форум ұйымдастырылды. Кездесу барысында қатысушылар екіжақты ынтымақтастықтың келешегін, инвестициялық мүмкіндіктерді және іскерлік байланыстарды дамытудың өзекті бағыттарын талқылады.

Сонымен қатар Қарағанды облысының делегациясы Банска-Быстрица өзін-өзі басқаратын өлкесінің төрағасы Ондрей Лунтермен, өңірлік Кәсіпкерлер палатасының және Словакия Республикасы Президенті Әкімшілігінің өкілдерімен кездесті. Кездесулерде өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, білім беру саласындағы әріптестік және өңірлердің тұрақты дамуы мәселелері қаралды.
Жұмыс сапары барысында Қарағанды облысы мен Банска-Быстрица өзін-өзі басқаратын өлкесі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Аталған құжат екі өңір арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтеріп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға берік негіз қалайды.
Сондай-ақ Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Банска-Быстрица өлкесінің Кәсіпкерлер палатасы ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Бұл келісім кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланысты нығайтуға, бизнес бастамаларды қолдауға және сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуге бағытталған.

Ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері жоғары оқу орындары үшін де ашылмақ. Матей Бела университеті мен Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат аясында академиялық алмасу бағдарламаларын жүзеге асыру, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және білім беру жобаларын дамыту көзделген.
Қарағанды облысының делегациясы электроника, металлургия, энергетика және ақпараттық технологиялар бағыттарында жұмыс істейтін бірқатар кәсіпорындарды аралады. Кездесулер нәтижесінде бірлескен жобаларды іске асыру бойынша алдын ала келісімдерге қол жеткізілді.
Сапар барысында Қазақстан нарығында қарағандылық «АлемГаз» компаниясымен әріптестік орнатқан Adrian Group компаниясының қызметіне ерекше назар аударылды. Тараптар өнеркәсіп секторындағы ынтымақтастықты кеңейту, жаңа бастамаларды іске асыру және өзара тиімді жобаларды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Сонымен бірге облыс өкілдері жекеменшік индустриялық-өнеркәсіптік аймақтың жұмысымен танысып, инвестиция тарту, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және кәсіпкерлікті қолдау бағыттарындағы словакиялық тәжірибені зерделеді.

— Біз Словакияны Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде бағалаймыз. Қол қойылған келісімдер экономика, білім беру және гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қол жеткізілген уағдаластықтар нақты жобалармен жалғасып, жаңа бірлескен бастамалардың негізіне айналатынына сенімдімін, — деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.