Ауруға жол бермеудің тиімді жолы – оның алдын алу

Сурет: ЖИ

Инфекциялық аурулардың алдын алу, вакцинациямен қамтуды арттыру және алдағы тұмау маусымына дайындық – Қарағанды облысындағы санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің негізгі бағыттарының бірі. 2026 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша өңірдегі эпидемиологиялық ахуал «қанағаттанарлық» деп бағаланып отыр.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірқатар инфекциялар бойынша сырқаттанушылық төмендеген. Көкжөтелмен сырқаттану екі есеге, серозды менингит үш есеге, А вирустық гепатиті 3,3 есеге азайған. ЖРВИ жағдайлары да 24 пайызға төмендеді. Сонымен қатар дифтерия, полиомиелит, қызамық, безгек, іш сүзегі, паратиф, тырысқақ секілді бірқатар инфекциялар тіркелген жоқ.

Алайда оң динамикамен қатар қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Бұл туралы Қарағанды облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин: «Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығына қарамастан, профилактикалық жұмысты жалғастыру маңызды. Әсіресе қызылша мен көкжөтел сияқты вакцинамен басқарылатын инфекциялардың алдын алуда халықты иммундаумен толық қамтуға басымдық берілуі қажет. Уақытылы вакцинация аурудан қорғануға және оның ауыр өту қаупін төмендетуге мүмкіндік береді», – деді.

Бүгінде облыста вакцинациямен қамту жұмыстары жалғасуда. Сегіз айдың қорытындысы бойынша профилактикалық екпелермен қамту көрсеткіші 63,6 пайызға жетті. Қосымша жаппай иммундау аясында 6–11 айлық 2 600 бала және 2–5 жастағы 2 мыңнан астам бала вакцинацияланды. Толықтыра иммундау барысында 15 475 адам қамтылды.

Күзгі кезеңде ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу да ерекше назарда. Жыл басынан бері облыста 121 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелген, оның 53 пайызы балалар арасында. Алдағы эпидемиялық маусымға дайындық аясында тәуекел топтарын вакцинациялау үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұмауға қарсы «Гриппол» вакцинасының 173 мың дозасы сатып алынды.

«Тұмау мен ЖРВИ маусымы кезінде балалар мен созылмалы аурулары бар азаматтар ерекше назарды қажет етеді. Сондықтан эпидемиялық маусым басталғанға дейін вакцинациядан өтіп, қарапайым профилактикалық шараларды сақтау маңызды. Бұл аурудың таралу қаупін азайтып, асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді», – деді Юрий Залыгин.

Мамандар тұмауға қарсы вакцинациядан эпидемиялық маусым басталғанға дейін, қыркүйек-қараша айларында өтуді ұсынады. Сонымен қатар қолды жиі жуу, бөлмелерді желдету, ылғалды тазалық жүргізу, адам көп жиналатын орындарда сақтық шараларын сақтау және аурудың алғашқы белгілері байқалғанда дәрігерге жүгіну маңызды.

Эпидемиологиялық тұрақтылық – ортақ жауапкершіліктің нәтижесі. Аурудың алдын алу, вакцинациядан уақытылы өту және санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау – денсаулықты қорғаудың маңызды кепілі.