Қарағанды облысында футзалдан балалар мен жасөспірімдер арасындағы турнирлерге 50-ден астам команда қатысты

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысында футзалдан балалар мен жасөспірімдер арасындағы қысқы маусым қорытындыланды. Freedom Futsal BFL жобасы мен Freedom BFL фестиваліне әртүрлі жас санатындағы 50-ден астам команда қатысты.

Марапаттау рәсімінде маусымның үздік командалары, сондай-ақ үздік ойыншылар, қақпашылар, қорғаушылар, шабуылшылар мен сұрмергендер марапатталды.

Сонымен қатар, «Жігерлі мінезі үшін» және «Үздік гол» аталымдарының жеңімпаздары анықталды.

Жоба жетекшісі Изат Мүсілімовтың айтуынша, маусым барысында қатысушылар саны да, командалардың дайындық деңгейі де айтарлықтай артқан.

Фестиваль жеңімпаздарының бірі — Scaut 2015A командасы болды. Команда ойыншысы Ілияс Қабдраш бұл нәтижеге қол жеткізуге жаттықтырушылар мен ата-аналардың қолдауы, сондай-ақ ұжымның ұйымшылдығы ықпал еткенін атап өтті.

STU командасы да өзінің алғашқы маусымын сәтті өткізді. Ұжым 14 матчтың 12-сінде жеңіске жетті.

— Мұндай жарыстар балалар мен жастарға мол ойын тәжірибесін жинақтауға және жан-жақты дамуға мүмкіндік береді. Алғашқы маусымымызда-ақ лайықты нәтиже көрсете алғанымызға қуаныштымыз, - деді STU командасының жаттықтырушысы Ерлан Оқасов.

QOFA ұйымының бас хатшысы Талғат Қаржаубаевтың айтуынша, Қарағанды облысында балалар мен жасөспірімдер футзалы қарқынды дамып келеді. Осындай турнирлер болашағынан зор үміт күттіретін спортшыларды анықтауға және өңірдің спорттық резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді.