Бір қорғанда қатталған екі дәуір

Фото: Қарағанды облысының тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы

Шынымен де, біздің даламыздың асты тұнған тарих. Жақында Қарағанды облысында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде археологтар өте қызықты әрі күтпеген жаңалыққа тап болды. Абай ауданындағы кішкентай ғана бір қорғанның ішінен бір-бірімен мүлдем байланысы жоқ, арасы бірнеше ғасырға созылған екі бірдей жерлеу орны шыққан.

Бұл ерекше тарихи олжа Құлайғыр ауылының маңындағы «Құлайғыр-1» деп аталатын қорымнан табылып отыр. Экспедиция Қарағанды облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының тапсырысы бойынша ұйымдастырылған екен. Сыртынан қарағанда бұл қорған онша үлкен емес: диаметрі шамамен 10 метр, ал биіктігі небәрі 40 сантиметрдей ғана болатын кәдімгі дөңгелек төбешік. Бірақ оның астында үлкен тарих жатыр. Археологтар топырақтың үстіңгі қабатын алған кезде, алдымен тас тақталардан үш-төрт қатар етіп қаланған шеңберлі қоршауды және үлкен тас үйіндісін көрген.

Ең алдымен, қорғанның дәл ортасынан ерте темір дәуіріне жататын Тасмола мәдениетінің бейіті шықты. Ол замандағы адамдарды жерлеудің өзіндік дәстүрі (ингумация) болған екен. Яғни, адамды шалқасынан жатқызып, басын солтүстік-батысқа, ал аяғын оңтүстік-шығысқа қарай бағыттап жерлеген. Осы жерден адам сүйектерімен бірге сол заманда қолданылған қола айна мен белдіктің кейбір бөлшектері табылды.

Бірақ ең басты сенсация одан да тереңде болып шықты. Ғалымдар тас үйіндінің астын одан ары қарай қазған кезде, орта қола дәуіріне, шамамен біздің заманымызға дейінгі XVIII-XVI ғасырларға жататын Нұра мәдениетінің көне бейітін тапты. Демек, бұл жердің тарихы кем дегенде 4 мың жылға кетеді! Ең қызығы, ол заманның тайпалары марқұмды өртеп жерлейтін болған (кремация). Тастан жасалған арнайы жәшіктің (цистаның) ішінен өртенген сүйек қалдықтары, сонымен қатар әдемі геометриялық өрнектері бар қыш ыдыстардың сынықтары мен қола қапсырма шыққан.

– Біз бір ғана қорғанның ішінен арасын тұтас ғасырлар бөліп жатқан екі түрлі тарихи кезеңнің жерлеу орнын анықтадық. Бұл өте сирек кездесетін құбылыс, – деді тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Тілеуов.

Қазіргі уақытта бұл жердегі далалық жұмыстар толығымен аяқталды. Енді табылған жәдігерлердің барлығы зертханаға жіберіліп, арнайы сараптамадан өтеді. Бұл зерттеулер бізге ежелгі Орталық Қазақстан тұрғындарының өмірі, тұрмысы мен наным-сенімдері туралы жаңа мағлұматтар алуға көмектеседі деп сенеміз. Экспедицияның нәтижесін алдағы уақытта тағы да бақылап отыратын боламыз.

 

Ерасыл БЕКЗАТҰЛЫ,

ҚарҰЗУ ІІІ курс студенті