Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды міндеттерді белгіледі.
«Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауда ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Президент Үкіметке ең төменгі жалақыны қазіргі 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды.
Бұл бастама келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс.
Мемлекет басшысының айтуынша, ең төменгі жалақының өсуі елдегі 1 миллион 800 мың адамның табысын арттыруға мүмкіндік береді. Оның ішінде бюджет есебінен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкер бар.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласына қатысты да маңызды тапсырма берілді.
Президент келер жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырды.
Бұл шешім 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысын өсіруге ықпал етеді.
Жалақыны арттыру – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Мемлекет басшысы жүктеген бұл міндеттердің жүзеге асуы миллиондаған азаматтың әлеуметтік жағдайына оң әсер етпек.