Қарағандылық еңбек озаттары мемлекеттік наградалармен марапатталды

Фото: Gov.kz

Республика күніне арналған салтанатты жиын С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында өтті.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтап, Қазақстан Президентінің атынан мемлекеттік наградаларды табыс етті. Елдің өркендеуіне елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлері, кеншілер, кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, ұстаздар, дәрігерлер, спортшылар және өзге де сала өкілдері марапатқа ие болды.

Биылғы Республика күнінің орны ерекше. Ұлттық мереке ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы атап өтілетін кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл айтулы дата Қазақстанның қалыптасу жолын айшықтап, ел дамуының жаңа белесіне бастар маңызды тарихи межеге айналды.

Құттықтау сөзінде Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстардың басты мақсаты тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру екенін атап өтті.

— Өңір дамуының басты нәтижесі — адамдардың лайықты табыс тауып, сапалы білім мен медициналық көмекке қол жеткізуі, бала тәрбиелеп, туған жерінде болашағына сеніммен қарауы. Жыл басынан бері облыста тоғыз мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 2030 жылға дейін 17 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 100-ден астам инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл бастамалар сіздерді туған жерде еңбек етуге, өз ісіңізді ашып, бала өсіруге ынталандырады деп сенемін. Өңіріміздің өркендеуіне адал еңбегімен үлес қосып жүрген баршаңызға алғыс айтамын, - деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына қосқан елеулі үлесі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі және белсенді қоғамдық қызметі үшін облыстың 40 тұрғыны мемлекеттік наградалармен марапатталды. Оларға «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдары табысталды.

Қарағанды облысының екі тұрғыны мемлекеттік наградаларын Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алды.

«Бақыт» бөбекжай-бақшасының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Баян Мұқұшева «Шапағат» медалімен марапатталса, №3 арнайы мектеп-интернатының дефектологы Наталья Сейфулинаға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.

Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Байқара Сәдуақасов «Парасат» орденімен марапатталды.

— Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмамдаған кезден бері мәдениет саласында еңбек етіп келе жатқаныма 40 жыл болды. Содан бері бар ғұмырымды өнерге арнап, ұлттық музыкамызды сақтау мен оны кеңінен насихаттауды өмірлік мұратым деп білдім. Қазақтың бай музыкалық мұрасын тыңдарманға танытып, дәстүр сабақтастығын кейінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген «Арқа сазы» ұжымының құрамында еңбек ету мен үшін зор мәртебе. Бұл марапат — менің еңбегіме ғана берілген баға емес, өнер жолын өміріне өзек еткен барша жанның қажырлы еңбегіне көрсетілген құрмет. Еңбегімізді жоғары бағалағаны үшін шынайы алғысымды білдіремін, - деді Байқара Сәдуақасов.

«Құрмет» орденіне «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС директоры Алтай Елжасов, Нұра ауданының кітапхана саласының ардагері Сүлеймен Жұмабеков, С. Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының әртісі Шайза Нүкина, Күзeмбaев атындағы шахтаның директоры Сергей Потемкин және Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің профессоры Савет Сағынтаев ие болды.

III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен Нұра ауданындағы шаруа қожалығының директоры Тәубажан Айтілеуов пен «Ақнар ПФ» құс фабрикасының технологы Игорь Киврин марапатталды.

— Құс фабрикасында еңбек етіп келе жатқаныма 30 жылға жуықтады. Қазір технолог ретінде бройлер балапандарын өсірудің барлық кезеңін бақылап, тұтынушыларға тек сапалы өнімнің жеткізілуін қадағалаймын. Ұжымымыз ұйымшыл әрі еңбекқор. Баршаңызға амандық, бейбітшілік пен жақсылық тілеймін, - деді Игорь Киврин.

«Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болғандардың қатарында «Ботақара су қожалығы» КМК учаскесінің шебері Қанат Аймақов, «Tas Komir Trade» ЖШС бас инженері Надежда Винникова, Қарқаралы аудандық ауруханасының дәрігері Баян Жұмагелдинова, «Восточная» орталық байыту фабрикасының аппаратшысы Татьяна Краминская, Шет ауданындағы «Nova Цинк» кәсіпорнының электр слесарі Болатбек Қосанов, еңбек ардагерлері Юрий Пиняев пен Надежда Плотникова және басқа да азаматтар бар.

Ал Қарағанды қаласындағы №3 көпбейінді аурухананың бөлім меңгерушісі Ерғали Шауенов «Шапағат» медалімен марапатталды.

Оның айтуынша, бұл медицина саласындағы 30 жылғы жұмысындағы алғашқы жоғары марапаты. Сондай-ақ мұны жалпы онкохирургтер ұжымы еңбегінің еленуі және жоғары бағалануы деп білетінін жеткізді.

Бұдан бөлек, үш мемлекеттік қызметшіге Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» ведомстволық төсбелгісі табысталды.

Салтанатты жиын облыстың өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары қатысқан мерекелік концертпен түйінделді.