ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым қазақ әдебиеті мен журналистикасында қалыптасқан дәстүрлі бағыттарды қайта қарап, гуманитарлық ғылымдарды жаңаша сапада дамыту маңызды екенін мәлімдеді.
«Егемен Қазақстан» газетінің «Санаткер ұлт» жобасы аясында өткен талқылауда саясаттанушы еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға қатысты өз ойын ортаға салды.
Оның пікірінше, бүгінгі таңда тарихи сын, тарих философиясы, тарихнама, әлеуметтану, филология және құқық философиясы бағыттарындағы іргелі еңбектерді жаңа заман талабына сай қайта жазу аса қажет. Қазақстанның тарихи, философиялық және әлеуметтік ой-санасы көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі кезеңді үзіліссіз, тұтас қамтуы тиіс.