Қарағанды облысында эпидемиялық маусым басталғалы бері жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау бойынша сырқаттанушылыққа күнделікті мониторинг жүргізілуде.
2026 жылғы 1–15 қазан аралығында облыста ЖРВИ-дің 12 404 жағдайы тіркелді. Ауырғандардың жалпы санының 58%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, ағымдағы эпидемиялық маусымда тұмау вирусының A (H1N1), A (H3N2) және B штамдарының айналымда болуы күтіледі. Аталған үш штамм тұмауға қарсы вакцинаның құрамына енгізілген. Вакцинация аурудың ауыр өту қаупін және ықтимал асқынуларды азайтуға көмектеседі.
Қазіргі уақытта облыста тұмауға қарсы вакцинация жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін 25 мыңнан астам адам екпе алды. Биыл бюджет қаражаты есебінен тәуекел топтарын вакцинациялау үшін Ресейде өндірілген «Гриппол» тұмауға қарсы вакцинасы сатып алынды. Тұмауға қарсы тегін вакцинация медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар мен ересектерге, балалар үйлері мен сәбилер үйлерінің тәрбиеленушілеріне, қарттар үйлерінде тұратын адамдарға, медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша вакцинациялауға жататын адамдарға жүргізіледі.
Бұл санатқа жүкті әйелдер, педагогтер, әскери қызметшілер, жүрек-қантамыр жүйесі мен тыныс алу ағзаларының созылмалы аурулары бар адамдар және 65 жастан асқан азаматтар жатады. Аталған топтарда тұмаудың ауыр өту және асқыну қаупі жоғары болғандықтан, вакцинацияның маңызы зор.
«Тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – вакцинация. Әсіресе, аурудың ауыр өту және асқыну қаупі жоғары тәуекел топтарына жататын азаматтардың екпені уақытылы алуы маңызды. Сонымен қатар, әр адам қарапайым профилактикалық шараларды сақтауы қажет: қолды жиі жуу, бөлмелерді желдету және ауру белгілері байқалған жағдайда медициналық көмекке жүгіну. Бұл шаралар тұмау мен ЖРВИ-дің таралу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин.
Сонымен қатар, вакцинация ұжымдарда инфекцияның таралу қаупін төмендетуге және ауруға байланысты еңбекке жарамсыздық күндерінің санын азайтуға ықпал етеді. Осыған байланысты қызметкерлерді маусымдық тұмауға қарсы жұмыс берушінің қаражаты есебінен вакцинациялау мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. ЖРВИ-дің таралуын болдырмау мақсатында білім беру ұйымдарында оқушылардың сырқаттанушылығына да мониторинг жүргізілуде. Қазіргі уақытта жекелеген сыныптарда сырқаттанушылық деңгейінің белгіленген 20% шектен және одан да жоғары асуы тіркелген жоқ.
Мамандар тұрғындарға жеке гигиена талаптарын сақтауды, бөлмелерді үнемі желдетуді, ауру белгілері бар адамдармен байланысты шектеуді және сырқаттанудың алғашқы белгілері байқалған кезде медициналық көмекке жүгінуді ұсынады. Медициналық ұйымдарда ЖРВИ мен тұмау белгілері бар науқастарды анықтауға арналған сүзгілер жұмыс істейді. Тұмауға қарсы вакцинациядан уақытылы өту де аурудың ауыр өтуінің алдын алуда маңызды рөл атқарады.