Қарағандыда Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған XIV халықаралық бокс турнирі өтеді. Байрақты бәсекеде Қазақстан мен шет мемлекеттерден келген 200-ден астам жас былғары қолғап шебері 14 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтайды.
Турнирге Қазақстанның барлық өңірінен келген боксшылар қатысады. Сондай-ақ Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қырғызстан және Ресей құрамаларының қатысуы күтілуде. Жарыс шаршы алаңына 2011–2012 жылдары туған жасөспірім ұлдар мен қыздар шығады.
Жарыс 19–24 қазан аралығында Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өтеді. Мекенжайы: Республика даңғылы, 11/3.
Турнирдің алғашқы күні, 19 қазанда, алдын ала жекпе-жектер өтеді. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі сағат 15:00-де басталады. Ашылу салтанатынан кейін бокс бәсекелері жалғасады.
Қарағандылықтар мен қала қонақтарын жас боксшыларға қолдау көрсетіп, болашағынан зор үміт күттіретін спортшылардың тартысты жекпе-жектерін тамашалауға шақырады.