Шахтинск қаласында заңсыз қоқыс үйінділері жойылып, аумақтар тазартылып жатыр

Фото: Life09

Шахтинск қаласы мен оған іргелес кенттерде бұрыннан жиналған және заңсыз қоқыс үйінділері жойылып, аулалар мен саябақтар абаттандырылып жатыр. Биылдың өзінде 35 мың текше метрден астам қалдық шығарылған. Ал 2023–2026 жылдар аралығында жиналған қоқыстың жалпы көлемі 100 мың текше метрден асты.

Жұмыстар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр.

Шахтинск қаласының 27-орамында ірі заңсыз қоқыс үйінділерінің бірі жойылды. Остров, Станционная, Мичурин және Московская көшелерінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Аумақтан қоқыс шығарылып, қураған ағаштар мен бұталар тазартылды, ағаштарға санитарлық кесу жұмыстары жасалды.

«Лидер» гипермаркетінің артындағы қоқыс үйіндісі де жойылды. Бұл жерден қураған ағаштар, бетон блоктар, тұрмыстық қалдықтар мен басқа да қоқыс шығарылды.

Сондай-ақ Восьмидомики және Северо-Западный кенттерінде құрылыс қалдықтары тазартылды.

Қала аумағы мен оған іргелес кенттерді тазарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Әсіресе қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға және жаңа заңсыз қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеуге баса назар аударылып отыр.

Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі