Қарағандының орталық саябағында «Таза Қазақстан» экопавильоны ашылды

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағандының орталық саябағында демалуға және экологиялық бастамаларды жүзеге асыруға арналған жаңа кеңістік – «Таза Қазақстан» экопавильоны ашылды.

Оны салу үшін жаңадан құрылыс жүргізудің қажеті болмады. Бұрыннан бар құрылым негізге алынып, жаңартылып, қайта жабдықталды. Енді мұнда қала тұрғындары демалып қана қоймай, экологиялық бастамалармен танысып, табиғатты қорғау жөнінде пайдалы ақпарат ала алады.

Экопавильон «Жасыл ел» жобасы аясында ашылды. Биыл «Жасыл ел» еңбек жасақтарының 2 мың сарбазы Қарағандыны абаттандыруға және көгалдандыруға атсалысты. Жаңа экопавильон – олардың еңбегінің тағы бір нәтижесі.

Ашылу салтанатына экологтар, «Горкомтранс» кәсіпорнының, ECO Network экологиялық хабының өкілдері, «Жасыл ел» жасақтарының мүшелері мен қаланың белсенді жастары қатысты. Қатысушылар экологиялық бастамаларды талқылап, қалдықтарды сұрыптау мәселелерін сөз етті. Сондай-ақ тақырыптық интерактивті тапсырмалар арқылы өз білімдерін сынап көрді.

Бұдан бөлек, Жастар ресурстық орталығы орталық саябақта жастардың қатысуымен экологиялық іс-шаралар өткізуге арналған жеке сахна орнатуды жоспарлап отыр.