Фермадан дастарқанға дейін: Қарағанды облысында сүт өндірісі дамып келеді

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысында сүт өндірісі біртұтас жүйе бойынша дамып келеді. Бұл үдеріс мал азығын өсіру мен мал күтімінен басталып, өңір тұрғындарының дастарқанына жететін дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

Нұра ауданының Көбетей ауылындағы «Рамадан» сүт-тауарлы фермасында тәулігіне 28 мың литрден астам сүт өндіріледі. Ферманың құрылысы 2024 жылы басталып, Ресейден алғашқы сиырлар 2025 жылдың мамырында әкелінген. Ал сол жылдың тамыз айында алғашқы сүт сауылған.

Қазір мұнда голштин тұқымды 1100 бас ірі қара ұсталады. Сиырларды сауу мен күтіп-бағу автоматтандырылған жабдықтар және климатты бақылау жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Шаруашылықтың өз жемшөп базасы да бар.

— Қазір тәулігіне 28 мың литрден астам сүт өндіріп, Қарағанды қаласына жеткізіп отырмыз. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Қазір тағы 400 басқа арналған ферма салып жатырмыз, – деді «Рамадан» сүт-тауарлы фермасы» ЖШС директоры Жарас Қанапин.

Алдағы уақытта шаруашылық өндіріс көлемін ұлғайтып, Астана нарығына шығуды жоспарлап отыр.

Өндірістің барлық кезеңін өзара байланыстыру қағидаты «Евразия Инвест LTD» агроөнеркәсіптік кластерінің де негізіне айналған. Мұнда сүтті мал шаруашылығы егіншілікпен және ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаумен ұштастырылған.

Компанияның иелігінде 56 мың гектар жер бар, оның 10 мың гектары суармалы алқапқа жатады. Родниковское ауылында сыйымдылығы 35 мың тонна астық элеваторы мен 17 мың тонна көкөніс сақтауға арналған қойма жұмыс істейді. 

Сүт фермасының бірінші кезеңі 1 200 сауын сиырға есептелген. Қазір тағы 2 400 басқа арналған екінші кезеңнің құрылысы жүріп жатыр. Оны 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Ал үшінші кезеңнің құрылысы аяқталғаннан кейін сауын сиырлардың жалпы саны 6 мыңға жетуге тиіс.

Алайда фермада өндірілген сүт бірден дайын өнімге айналмайды. Одан кейін шикізат өңдеу кәсіпорнына жеткізіліп, тұтынушылар күнделікті сатып алатын ондаған түрлі өнімге айналады.

Қарағандыдағы «Нәтиже» сүт фабрикасы 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір кәсіпорын тәулігіне шамамен 90 тонна сүт өңдейді. Оның 70 тоннасы Қарағандыда, тағы 20 тоннасы Көкшетауда өңделеді. Шикізат 22 сүт қабылдау пункті арқылы жеткізіледі.

Сүттен түрлі өнім өндіріледі. Олардың қатарында сүт, айран, йогурт, қаймақ, сүзбе, тәтті сүзбе (сүзбе массасы), құрт, сары май мен ірімшік бар. Өнім түрлерінің саны 100-ден асады. Дайын өнім Қазақстанның түрлі қалаларына жөнелтіледі.

— Шамамен 15 жыл бұрын осында ірі сүт зауытын салуды ұйғардым. Несие қаражатына Швециядан жабдықтар әкелдік. Тәуекел үлкен болды, бірақ оны ақтай алдық, – деп еске алады «Нәтиже» сүт фабрикасы» ЖШС бас директоры Ерлан Әшім.

Осылайша, бір литр сүттің артында мал өсіруден бастап дайын өнімді тұтынушыға жеткізуге дейінгі тұтас өндіріс тізбегі тұр.