WhatsApp 1 қазаннан бастап қазақстандықтардан хабарламалар үшін ақы ала бастайды

Фото: Gemini ИИ

1 қазаннан бастап Қазақстандағы кәсіпкерлер үшін WhatsApp арқылы клиенттерге хабарлама жіберу ақылы болады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Жаңа тәртіп WhatsApp Business Platform арқылы жұмыс істейтін компанияларға қатысты. Олар әр жіберілген хабарлама үшін шамамен 0,018 доллар, яғни 8 теңге төлейді.

Алайда әр бизнес-нөмірге ай сайын 1000 тегін хабарлама беріледі.

Мысалы, компания бір айда 10 мың хабарлама жіберсе, оның 9 мыңы ақылы болады. Бұл шамамен 72 мың теңге шығын деген сөз.

Ал қарапайым қолданушыларға хабарлама үшін ақы алынбайды.

Жаңа тариф автоматты хабарламалар, CRM жүйелері мен чат-боттарды пайдаланатын кәсіпкерлерге қатысты.

Ал кәдімгі WhatsApp және API жүйесіне қосылмаған стандартты WhatsApp Business үшін бұл өзгеріс қолданылмайды.