Қарағанды облысында «Құрметті азамат» атағын беру тәртібі өзгерді

Сурет: ЖИ

Қарағанды облысында «Құрметті азамат» атағын беру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңашылдықтар атақ беру тәртібі мен үміткерлерге қойылатын талаптарды қамтиды. Бұған дейін атақ иегерлері жыл сайын анықталса, енді екі жылда бір рет беріліп, бір жолы 10 адамға дейін «Құрметті азамат» атағын алуы мүмкін.

Жаңа қағидаларды облыстық мәслихат депутаттары кезекті XXXVII сессиясында бекітті.

«Қарағанды облысының (қаласының, ауданының) Құрметті азаматы» атағы – азаматтың еңбегі мен қоғамдық қызметіне берілген баға, оның өңірдің дамуына қосқан үлесін мойындау. Атаққа кандидат ұсыну туралы өтініш ұжымдық түрде берілуі тиіс, яғни азаматтың өзін-өзі ұсынуына жол берілмейді. Ал жергілікті әкімдер өз кандидатураларын ұсынуға құқылы, алайда бұл мүмкіндік тек төтенше жағдайлар мен апаттарды жоюға көрсеткен көмегі үшін қарастырылған.

«Құрметті азамат» атағы Қазақстан Республикасының азаматтарына да, өңірде кемінде 10 жыл еңбек еткен шетел азаматтарына да берілуі мүмкін.

Атақ мынадай еңбегі мен жетістіктері үшін беріледі:

1) Кәсіби немесе азаматтық борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі, сондай-ақ заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ісіне қосқан үлесі үшін;

2) Мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткерлеріне жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару саласындағы тиімді қызметі, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін;

3) Қоғамдық қызметтегі жетістіктері мен қайырымдылыққа қосқан үлесі үшін;

4) Спорт, мәдениет, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, кәсіпкерлік, бизнес және ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін;

5) Этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін.

Қағидаларда атақты қайтыс болғаннан кейін беру жағдайлары да нақты белгіленген. Мұндай жағдайда атақ ел мүддесін қорғау немесе адам өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі, батылдығы мен қаһармандығы үшін берілуі мүмкін.

Облыс, қала немесе ауданның мерейтойлық даталарына орай қосымша бес адамға дейін «Құрметті азамат» атағы берілуі мүмкін.