Шымкенттегі зауыттан 28 жастағы спортшының мәйіті табылды

Фото: Gemini ИИ

Шымкенттегі кафель шығаратын зауытта 28 жастағы грек-рим күресінің балуаны Әділ Тілектес қаза тапты. Жақындарының айтуынша, спортшы нәпақа табу үшін зауытқа жұмысқа орналасқан, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап..

Алдын ала мәлімет бойынша, кешкі уақытта өндіріс аумағында жұмыс істеп жүрген Әділді тоқ соғып, биіктен құлатып кеткен. Жақындарының сөзінше, ол жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған.

Әділ Тілектес — грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы. Есту қабілеті төмен спортшылар арасында халықаралық жарыстарда ел намысын қорғаған.

Әпкелері марқұмды демалыс күні жұмыстан алып кетуге барған кезде оның өндірісте ауыр жарақат алғанын білген.

Зауыт өкілдері отбасыға көмек көрсететінін айтқан. Қазір полиция қылмыстық іс қозғап, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Марқұмның артында жұбайы мен кәмелетке толмаған екі ұлы қалды.